Шымкент қаласында аталған жиынға Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Балжан Манабаева қатысты. Сондай-ақ, бас қосуға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің мамандары, Halifa Al-Nahaian Aqmeshıtı орталық мешітінің бірінші наиб имамы, денсаулық саласының мамандары және спорт шеберлері қатысты. – Қазіргі таңда бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет – нашақорлық. Бұл індетке көбінесе жасөспірімдер шалдығады. Есірткі қолданған адам кейін бұзақылық жасау, қорлық көрсету және осыларға ұқсас теріс әрекеттерге бейім болады. Сондықтан да есірткіге тәуелді адамдар, әсіресе, жастар өз өмірлеріне балта шабады. Нашақорлықпен күресуге жалғыз адамның шамасы келмейді. Бұл жерде тәртіп сақшылары, нарколог мамандар, ата-аналар және сіздер мен біздер әрбір Қазақстан азаматы шетте қалмау керекпіз. Ғасыр дертімен күресу керек. Дүниедегі ең қымбат нәрсе – өз өмірің. Осы тұрғыда полиция қызметкерлері және жастар жөніндегі құзырлы орган өкілдері есірткі қылмысының, атап айтқанда оны пайдалану, сату, жарнамалау жұмыстарының алдын алу және оны болдырмау мақсатында үздіксіз профилактикалық іс-шараларды өткізіп отырамыз, – деді Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Балжан Манабаева. Жалпы нашақорлық – есірткі құрамдас немесе психотроптық, яғни оларға ұқсас заттарға тәуелділіктен туындайтын организмнің аса ауыр және тұрақты тәндік, психикалық өзгеруіне, бұзылыстарына, кейде өлімге әкелетін дерт. «Есірткілерді тұтыну «зиянды ләззаттарға» жатады. Өйткені олар тұтынушыға субъективтік ләззат сезімін сыйлайды, бірақ организмге зиянын тигізеді. Есірткілік заттарды тұтыну тек «ләззат алу» ғана емес, сондай-ақ дәрігермен дәрілік препарат (ауруды басатын, ұйықтататын, психостимулятор) ретінде берілуі мүмкін. Егер есірткілерді тұтыну үзіліссіз және үнемі болса, тұтынушының организмінде өзгерістер болады, нәтижесінде есірткілерден болатын тәндік немесе психикалық тәуелділік туындайды. Нашақор деген кім, ұстап алып түрмеге жауып қоятын қылмыскер ме әлде емдеуге жатқызатын ауру ма? Оның мұндайға баруына не себеп болды? Нашақорлық – биологиялық, үдемелі және өлімге душар ететін ауру. Адам баласы өзінің алғашқы есірткісі ретінде героинды қабылдамайды, керісінше, ол марихуана, стимуляторлар мен құрамында есірткі бар дәрілік заттарды қабылдаудан бастайды. Адамдар арасында жеңіл есірткі түрі туралы жалған мәлімет тарап кеткен. Егер адам баласы марихуананы шегіп, өлмеген болса, онда героинда сондай қауіпті емес деген ой пайда болады.
Jsk ақпараттық агенттігі