• 24 ноября, 2024 2:07 пп

Шымкентте интернет алаяқтықпен күрес жұмыстары жалғасын тапты

Автор:admin

Окт 20, 2024

Алаяқтықтың өмір сүру салтымызға соңғы 15 жылдың көлемінде дендеп еніп алғаны сонша бұл терминге елдің құлағы үйрене бастады. Прокуратура және құқық қорғау органдарының қызметкерлері қайта-қайта дабыл қағып, азаматтарды сақтандырып-ақ келеді. Бірақ арбауға түсіп, алданып қалатындар әлі азаяр емес. Биыл интернет алаяқтар көбейді. Ақпараттық технологиялар арқылы жасалатын қылмыстың бұл түрі жиілеген. Шымкент қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасының полиция полковнигі Ермахан Асылов алаяқтықтың бұл түрін табу біршама қиындық тудыратынын айтады. «Қиын болғанда қылмыскерді ұстау жұмыстары бірнеше сатыдан өтіп барып басталады. Біреудің жеке мүлкі саналатын телефонды тексеру үшін санкция, яғни құзырлы органнан рұқсат керек. Біршама уақыт ұстайтын осындай тірліктері болмаса, мұны да заң талаптарында көрсетілген уақыт ішінде реттеуге болады. Алайда адамдардың бір-бірімен кездесуі арқылы жасалған қылмыстың ашылуы неғұрлым оңай. Қазір елдің көзі ашық, интернет дүкеннен зат алмас бұрын ол туралы ақпаратты толық біліп алуға болады. Оның басшысы кім, қанша жылдан бері жұмыс істеп келеді, осының бәрін тексеруге болады. Бір күн ашылып, ертесіне жабылып қалатын алаяқ фирмалар көбейген. Олардың сайттары белгілі болып тұрады. Сондықтан әрбір тұрғынның абай болуын үнемі айтып жүреміз», – дейді ол. Шымкент қаласында жалпы тіркелген қылмыстардың 30 пайызы – алаяқтық. Яғни, қазір алаяқтық бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысынан кейінгі орында тұр. Мәселен, жыл басында республика деңгейінде қоғамда үлкен наразылық тудырған «Ломбард-24», «Выгодный займ» және «Эстейт Ломбард» компаниялары шымкенттіктерді де айналып өтпеді. Шымкент қаласы бойынша осынау алаяқ фирмалардан алданған 11 мыңға жуық жәбірленуші бар. Оларға келтірілген шығын – 3 млрд 74 млн 586 мың теңге. Тергеу басқармасының басшысы алданғандардың арасында белгілі азаматтар да бар екенін айтады. «Негізі, Ақтөбе қаласының тұрғындары фирманы Алматы қаласынан ашқан. Бұл компаниялар Шымкент қаласындағы көпшілік ең көп жүретін Қонаев, Желтоқсан көшелерінде өз филиалдарын құрады. Сөйтіп, адамдарды ақшалай да, заттай да сазға отырғызған. Тұрғындар автокөліктері мен жеке тұрғын үйлерін және жер учаскелерін кепілге қойғанымен, ол басқа тараптарға сатылып кеткен. Одан бөлек, несие алып ақша салғандар да көп», – дейді ол. Бұдан бөлек, GOLD LTD – 1 200 жәбірленушіні, «Бай болуға миллион мүмкіндік» – 2 300, «Индиго 24 Эволюшн» – 700, «Гепард Ломбард» – 2 және «Айлин Форевер» 180 жәбірленушіні алдап соққан. «Жәбірленушілер полицейлерге неге алаяқтардың алдын алмадыңыздар, неге олардың жұмыс істеуіне рұқсат бердіңіздер деп ренжіп жатады. Негізі, олар Әділет департаментіне тіркеліп, қолдарындағы лицензиясымен келіп, заңды жұмысын бастайды. Ал жеке кәсіпкерлерді тексеруге мораторий жарияланғанын білесіздер. Біз өздігімізден ешқандай кәсіпкерлердің жұмысына киліге алмаймыз. Егер арыз-шағым түсіп жатса, дер кезінде жұмысты бастап кетер едік. Жалпы, қылмыстың тез ашылуына да оқиғаның дер кезінде хабарлануы үлкен маңыз ойнайды», – дейді мамандар.
Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin