Шымкент қаласы Білім басқармасына қарасты №137 жалпы орта білім беретін мектебінде ерекше маңызы бар жиын ұйымдастырылды. Бұл шараға 8–11 сынып оқушылары қатысты. Кездесудің негізгі тақырыбы — жасөспірімдер арасында жиі кездесетін әлеуметтік және психологиялық мәселелердің алдын алу, соның ішінде ерте жүктілік, маскүнемдік, нашақорлық, лудомания, құмар ойындар, алаяқтық, сондай-ақ қорқыту мен кибербуллингтің салдарын түсіндіру болды. Жиынға Абай аудандық полиция басқармасы Криминалдық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Рахымбаев Ерлан Белаевич пен мектептің полиция инспекторы Джилинбаев Дастан арнайы қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар оқушылармен ашық әңгімелесіп, өмірлік маңызды кеңестерін жеткізді. Алғашқы сөзді алған мамандардың бірі жасөспірімдер арасында ерте жүктіліктің алдын алу мәселесін көтерді. Ерте жүктілік қыз балалардың әрі денсаулығына, әрі психологиялық жағдайына теріс әсер етеді. Сонымен қатар оқу процесін үзіп, болашақ мүмкіндіктерін шектейді. Полицейлердің айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін отбасында ашық қарым-қатынас, мектепте дұрыс тәрбие және жасөспірімдердің өздерінің жауапкершілігі қажет. Жиында жастарға ең алдымен маскүнемдік пен нашақорлықтың қауіптілігі түсіндірілді. Алкоголь мен есірткі жасөспірімдердің мінез-құлқына кері әсер етіп, психологиялық және физикалық тәуелділікке әкеледі. Мұндай әдеттер оқу үлгерімін төмендетіп қана қоймай, болашақ өмірге балта шабады. Ерлан Белаевич жастарды ішімдікке қызықпауға, зиянды заттарға жоламауға шақырып, нақты мысалдар келтірді. Соңғы жылдары қоғамда лудомания мен құмар ойындар жасөспірімдер арасында кеңінен таралып барады. Бұл да бір психологиялық тәуелділік түрі болып саналады. Құмар ойындар адамның тек қаржысын емес, уақыты мен денсаулығын да құртады. Отбасылық жанжалдарға, әлеуметтік проблемаларға себеп болады. Кездесуде полицейлер балаларға құмар ойындарының зардаптарын жан-жақты түсіндіріп, оған әуестенбеудің маңызына тоқталды. Жиында сөз болған тағы бір өзекті мәселе — интернеттегі алаяқтық пен алдап-арбау әрекеттері. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде, түрлі онлайн платформаларда қылмыскерлер түрлі айла-шарғыларын қолданып, жасөспірімдерді алдап, зиян келтіріп жатады. Сондықтан оқушыларға бейтаныс адамдардан келген хабарламаларға сенбеу, күмәнді сілтемелерді ашпау, жеке мәліметтерін ешкімге бермеу қажеттігі ескертілді. Кездесудің маңызды тақырыптарының бірі — қорқыту мен кибербуллинг болды. Қорқыту — мектеп ішінде немесе сыртында жасөспірімдердің бір-біріне күш көрсетуі, мазақ етуі, қысым жасауы. Ал кибербуллинг — әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы психологиялық қысым көрсету. Бұл құбылыстар балалардың өз-өзіне сенімсіз болуына, психикалық денсаулығының бұзылуына және тіпті қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Полиция инспекторы Джилинбаев Дастан оқушыларға кибербуллингке тап болған жағдайда үндемей қалмауға, міндетті түрде ата-анасына, ұстаздарына немесе құқық қорғау органдарына хабарлауға кеңес берді. Сонымен қатар оқушылардың өздері де бір-біріне құрметпен қарап, достық қарым-қатынас орнатудың маңызын атап өтті. Жасөспірімдер кезеңі — адамның ең күрделі әрі нәзік даму кезеңдерінің бірі. Бұл уақытта әртүрлі психологиялық қиындықтар жиі туындайды. Сондықтан мамандар психикалық денсаулықтың маңыздылығына ерекше тоқталды. Қиындыққа тап болған оқушылар өз мәселесін ішке сақтамай, ата-анасына, ұстазына немесе мамандарға айтуы қажет. Қажет болған жағдайда психолог мамандардан көмек сұрау — әлсіздік емес, керісінше дұрыс қадам екені түсіндірілді. Оқушылар үшін ұйымдастырылған бұл жиынның тәрбиелік мәні өте зор болды. Балалар полиция қызметкерлерімен еркін пікірлесіп, көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Көптеген жасөспірім осындай кездесулер арқылы өз болашағына жауапкершілікпен қарау қажеттігін түсінді. Жиын соңында полиция майоры Ерлан Белаевич пен инспектор Дастан Джилинбаев барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Әрбір жасөспірім өзінің болашағы үшін жауапты екенін, ал дұрыс таңдау жасау арқылы жарқын өмірге жол ашылатынын атап өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты — жасөспірімдерді зиянды әдеттерден, ерте жүктіліктен, алаяқтықтан, құмар ойындардан және кибербуллингтен қорғау, олардың бойында еңбекқорлықты, адалдықты және жауапкершілікті қалыптастыру. Жастар — еліміздің ертеңі. Сондықтан олардың дені сау, санасы сергек, өмірлік ұстанымы дұрыс болып қалыптасуы баршамыздың ортақ міндетіміз.
Jsk ақпараттық агенттігі
