Шымкент қаласында құрылыс және инфрақұрылым салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Құрылыс басқармасы соңғы алты жылда (2018-2023 жж.) жалпы құны 154 млрд теңгені құрайтын 193 көпқабатты тұрғын үй салып, осы жобалар бойынша мердігерлерге бес жылдық кепілдік мерзімін бекіткен.
Алайда мониторинг нәтижесінде өңірлерде құрылыс жұмыстарына берілетін кепілдік мерзімдерінің әртүрлі екені анықталды – 2 жылдан 10 жылға дейін өзгеруі мүмкін. Осыған байланысты Департаменттің ұсынысымен құрылыс және жол салаларындағы кепілдік мерзімін ұлғайту бойынша шешім қабылданды. Енді мемлекеттік сатып алу шарттарында кепілдік мерзімі 84 айға, яғни 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылған. Департамент жүргізген талдау барысында Қонаев даңғылының жалғасын салу бойынша жобаның құнын арттыру тәуекелі анықталған болатын. Әкімдікке ескерту хаты жіберілгеннен кейін, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Нәтижесінде 3,2 млрд теңге көлемінде артық шығындардың алды алынып, қаражат үнемделген. Бағаны көтеру тәуекелдеріне жол бермеу үшін Департамент мемлекеттік сатып алуларға тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Тек биылдың өзінде бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат үнемделген. Мұндай бақылау шаралары мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуына және құрылыс саласындағы заңсыз әрекеттердің азаюына ықпал етуде. Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Jsk ақпараттық агенттігі