Шымкентте 20 млн теңгенің алтынын жымқырған пәтер ұрылары ұсталды, – деп хабарлайды Jsk.kz. Қазіргі таңда полиция бағалы бұйымдардың бөлігін иесіне қайтарып берді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында пәтер ұрлығымен айналысқан бес ер адам құрықталды. Олар бөтеннің үйіне терезеден кіріп, көбіне алтын бұйымдарды ұрлаған. Бір ай ішінде күдіктілер онға жуық үйді тонап кеткен. Келтірілген шығынның жалпы сомасы шамамен 20 миллион теңгені құрады. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың барлық мән-жайы мен болуы мүмкін эпизодтарын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Полиция азаматтарға ұрлықтың құрбаны болмау үшін қауіпсіздік шараларын қолдану қажеттігі туралы еске салады.
Бүгінде ғаламтор пайдаланбайтын, әлеуметтік желілерде парақшасы жоқ адамдар кемде-кем. Заман ағымы, уақыт талабына сай әлеуметтік желілер адамдар арасында қарым-қатынас орнатудың ғана емес, ауқымды мәселелерді талқылауға, белгілі-бір оқиға немесе қоғамдық пікір қалыптасыруға ықпалы зор үлкен күшке айналып отыр. Ақпарат ғасыры саналатын заманда басқаша болуы мүмкін емес те сияқты. Дегенмен интернетті игі мақсаттардан бөлек, арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін пайдаланатындар да кездесіп жатады. Осы ретте Сырдария аудандық полиция бөлімі алаяқтық қылмыстарынан сақ болуға шақырады. Бұдан бірнеше жыл бұрын ғаламтордағы алаяқтық кәсіби хакерлердің ірі қаржы ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердің сайттарына шабуыл, олардың ақпараттық жүйелерін істен шығару әрекеттерімен ғана байланысты болатын. Бүгінде жекелеген адамдардың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына бұзып кіру, ондағы хаттар мен өзге де мәліметтерді көшіріп алып, түрлі мақсаттарға пайдалану, отбасылық құпияларды пайдаланып ақша бопсалау, жалған уәде беру сияқты теріс қылықтар белең алуда. Енді соларға жеке-жеке тоқталсақ. Вирустық бағдарламалармен ақша табу. Арам пиғылдылар жеке азаматтың әлеуметтік желідегі парақшаларын бұзып кіріп, ондағы достарына түрлі жарнамалар мен вирустық бағдарламалардың сілтемелерін жібереді. Сілтемелердің мазмұны әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ мақсаты бір – ақша табу. Мұндай түсініксіз сілтемелерді ашпаған, өзге біреулерге таратпаған дұрыс. Қатты күдіктенсеңіз дереу құқық қорғау органдарына хабарласқаныңыз жөн. Бопсалау. Алаяқтар түрлі бағдарламалардың көмегімен желі қолданушылардың парақшасын бұзып, ондағы суреттерді, көбінесе жеке чатта жазылған хабарламаларын көшіріп алады. Сосын оларды «мүдделі тараптарға» жібереміз деп қорқыту арқылы ақша бопсалайды. Жаза басып, сезімге ерік бергендер мен кесе көлденең өткен қыздарға бір қырындамай қалмайтын туа бітті нәпсіқұмарлар ондай алаяқтар үшін оңай олжа, әрине. Қайырымдылық акциялары. Бұл да әлеуметтік желідегі алаяқтықтың кең тараған түрі. Мұнда ауыр дертке шалдыққан, шаңырағында қайғылы жағдай болып, қаражатсыз қалған адамдар мен отбасылар туралы хабарландырулар жарияланып, елден көмек сұралады. Ұсынылған күмәнді есеп-шоттар мен электронды әмияндарға ойланбастан ақша аудара салатындар болмаса, ондай алаяқтар туралы да айтпас едік.
Jsk ақпараттық агенттігі