ШЫМКЕНТТЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ОНЛАЙН ЖИЫН ӨТТІ

Қоғам Құқық Саясат

Бүгін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық құндылықтарын қалыптастыру мақсатында Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұжымымен кездесу өтті.
Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қалалық департаментінің басшысы А.Жұмағали, оның бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Департамент жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Бейсалиев, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков, аудан әкімі А.Әліқұлов қатысты.
Онлайн шара барысында сөз алған Департамент басшысы Асхат Жұмағали Агенттіктің бастамалары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістерден хабардар етті. Соңғы түзетулермен пара берушілер мен делдардарға жемқорлық үшін жаза қатаңдатылғаны, сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдар үшін қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазаны өтеу және шартты түрде мерзімінен босатуды қолдану мүмкіндігі жойылғандығы қатысушылардың назарына жеткізілді. Сонымен қатар, шара барысында мемлекеттік қызметшілер үшін шетелдік банктерден шоттар ашу және оларды иелену бойынша жемқорлыққа қарсы жаңа шектеу қабылданғандығы айтылды.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында Департаментпен, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен тығыз жұмыс жасауға, алдын алу бағыты бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруды ұсынды.
Шара барысында Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды тұрақты негізде жүргізе отырып, оның сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.
Ал, ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Сәкен Мәжінбеков парасаттылық құндылықтарын дәріптеу жөнінде салмақты ойларын айтып, штаб жұмысын қоғам болып жандандыру қажеттігін жеткізді.
Жиын барысында аудан әкімі Абзал Әліқұлов аталған мекемеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша атқарылған шараларды баяндап, ұжымда парасаттылық құндылықтарын насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқандығын атап өтті.