• 4 ноября, 2025 4:08 пп

Шымкентте тағы бір «Жас сақшы» сыныбы ашылды

Автор:admin

Авг 9, 2025

Шымкентте Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте «Жас сақшы» сыныбының салтанатты ашылуы өтті, – деп хабарлайды Jsk.kz. Жаңа кадет сыныбы қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Нұржан Алтынбековтің есімімен аталды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов қатысты. – «Жас сақшы» сыныптарының ашылуы – өскелең ұрпаққа тәртіп, жауапкершілік және ең жақсы адами қасиеттерді үйретудің маңызды бағыты. Жасөспірімдерге отансүйгіштік пен заңға құрмет сезімін ерте жастан бойына сіңіру қажет. Бүгінгі кадеттер ертең елдің заңын қорғайтын абыройлы азамат боларына сенемін, – деді Маулен Ахметов. Айта кетейік, өткен жылы Шымкентте осындай үш «Жас сақшы» сыныбы ашылған болатын. Онда оқушылар полиция қызметімен танысып, әскери дайындық пен құқық негіздерін меңгеруде. Кездесу барысында оқушылар ішкі істер органдарындағы қызмет туралы толығырақ ақпарат алды. Сондай-ақ полицейлер жас сақшыларды оқу жылының басталуымен құттықтап, білімді табандылықпен игеруге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларының бірінде, заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы деген болатын. Бұл – өркениетті және озық қоғамның басты өлшемі. Қоғамымызда заң мен тәртіп сақталмаса, ешқандай жетістік пен ілгерілеу болмайды, бұл – анық нәрсе.

– Заңды сыйлайтын ел қашанда берекелі болады. Сондықтан мен әр сөзімде заң мен тәртіптің маңызын ерекше атап өтіп жүрмін. Басқаша айтқанда, бұл – бізге дәстүрлі болмысымызды өзгерту қажет деген сөз. Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну ұлтымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналуы қажет. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі қазіргі таңда аса өзекті. Сондықтан заңды қасақана бұзатын азаматтарға, қоғамдық тәртіпке және тұрақтылыққа кері әсер ететін әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға беріледі, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Заң мен тәртіп жалпыға ортақ міндет екенін түсінетін уақыт жетті. Яғни, әр азамат кез келген заңға қайшы әрекетке төзбеушілік танытқанда ғана қоғам алға жылжиды. Ол үшін қазіргі қолданыстағы құқықтық нормативтік акт толық қамтамасыз етілген. Тек оның орындалуына әрбір тұлға немқұрайлы қарамауы тиіс.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin