• 23 ноября, 2024 7:10 дп

Шымкентте ұландықтармен нашақорлықтың алдын алу бойынша кездесу өткізілді

Автор:admin

Ноя 5, 2024

Шымкент қаласының психикалық денсаулық орталығының дәрігер-наркологы Ербол Қойғабаров әскери полиция қызметінің офицерлерімен бірлесіп ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің жеке құрамымен профилактикалық бағыттағы кездесу өткізді. Кездесу барысында әскери қызметшілерге есірткіні қолданудың салдары және оларды таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды. Нашақорлықтың алдын алуға және жастарды заңсыз қызметке тартудан қорғау шараларына ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, әскери қызметшілерге есірткі құралдарын қолданғаны үшін, есірткінің адам денсаулығына әсері туралы, есірткі заттарын қолдану кезінде туындайтын проблемалар туралы қылмыстар мен есепте тұрған адамдар бойынша статистика жеткізілді.

— «Бұл профилактикалық іс-шараның маңызы зор, өйткені есірткі қолдану әскери қызметшілердің денсаулығы мен мінез-құлқына елеулі зардаптар әкелуі мүмкін. Әскери қызметшілерде тәртіп пен заңға құрмет қалыптастыру үшін осындай кездесулер өткізу жоспарлануда. Сондықтан әскери қызметшілер арасында осындай профилактикалық іс — шараларды өткізу өте маңызды», — деді бригаданың әскери полиция қызметінің аға офицері Ринат Оштаев. Кездесуге 150-ден астам әскери қызметші қатысты, олар есірткінің зияны және олардың таралуын болдырмау шаралары туралы құнды ақпарат алды. Жаһандану  қарқынды жүріп жатқан уақытта өмір сүріп жатырмыз. Ел болашағы-жастардың бойында отансүйгіштік пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру, адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңіру, адам құқықтары мен бостандықтарын қадірлеу, ұлттық құндылықтарды дамытудың маңызы артып келеді. Өйткені әлеуметтік желілерден алынған, сүзгіден өтпеген ақпараттардың шамадан тыс көптігі өскелең ұрпаққа оң әсерімен қатар елеулі қауіп-қатер де төндіріп отырғаны жасырын емес. Сондай жағымсыз әдеттердің бірі — нашақорлық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында есірткі қылмысын еліміздегі өзекті мәселелердің бірі ретінде атап өтіп, әсіресе оның жастар арасында белең алуына қарсы күрес жүргізуді күшейтуді тапсырды. Елімізде  2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесіне қарсы күрестің ведомствоаралық ауқымды кешенді жоспары әзірленіп, бекітілді.
Ресми статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша есірткі тұтынушылар саны азайғанымен, синтетикалық есірткіге тәуелділер қатары көбейген. Қазіргі таңда синтетикалық есірткі немесе психотропты заттар жастар арасында көп қолданылатындығы анықталып отыр. Мәселен, елімізде дәстүрлі есірткі заттарын тұтынушылардың орта жасы 40-45 жас аралығы болса, синтетикалық есірткі пайдаланушылар негізінен 30-35- тегі, ал ұшпа ерітінділерді 20-25-тегі жастар тұтынатын көрінеді.Сондықтан жасөспірімдердің жат әдеттерден бойын аулақ ұстап, теріс жолға түспеуі үшін ақпараттық-насихат жұмыстарының пайдасы зор деп білемін.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin