• 3 декабря, 2024 6:08 пп

ШЫМКЕНТТЕ 15 ШАЛҒАЙ ЕЛДІМЕКЕНДЕ ЖОҒАРЫ ЖЫЛДАМДЫҚТЫ ОПТИКАЛЫҚ ИНТЕРНЕТКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Автор:admin

Апр 27, 2022

 

Биыл Шымкент қаласында мобильді интернет желісімен қамту көрсеткіші 95 пайызға, ал, талшықты оптикалық интернетпен қамту көрсеткіші 75 пайызға жеткізіледі. Сондай-ақ, жыл соңына дейін шаһардағы қоғамдық орындар толығымен wi-fi желісімен қамтылады.

Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының мәліметі бойынша, 2021 жылы 14 шағын аудан мен елді мекенге базалық станция орнатылған. Бұл 136 мың тұрғынды сапалы интернетпен қамтуға жол ашқан. Одан бөлек, жеке инвесторлардың есебінен 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізілген. Нәтижесінде 100 мыңға жуық тұрғын жоғары жылдамдықты интернетке қосылуға мүмкіндігіне ие болыпты.

Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Нақтырақ айтар болсақ, мобильді байланыс операторларымен бірлесе отырып интернет сапасы төмен тағы 11 елді мекенге базалық станция орнату жоспарланып отыр. Қазір станциялардың орнатылатын жер телімдерін анықталып, құжаттары рәсімделіп жатыр. Жыл соңына дейін аталған базалық станциялар іске қосылса, тағы 106 мың тұрғын сапалы мобильді интернетке қосыла алады. Бұл қамту көрсеткіші 95 пайызға жетеді деген сөз.

Шымкент қаласы әкімдігінің цифрландыру басқармасы тарапынан жүргізілген талдау жұмыстары қала аумағының 45 пайызында ғана талшықты оптика желісі тартылғанын көрсеткен. Осыған байланысты халықты кең жолақты, жоғары жылдамдықты интернетпен қамту мақсатында биыл тағы 15 елді мекенде талшықты оптика желісі тартылады. Қазірдің өзінде қажетті құрал-жабдықтар толығымен алынып, Самал-3 елді мекенінде талшықты оптикалық интернет желісі жүргізілді. Ал, Забадам, Қазығұрт, Құрсай және Солтүстік-Батыс елді мекендерінде осы бағыттағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жалпы, осы 15 елді мекенге талшықты оптикалық желі тартылған кезде 134 620 тұрғын сапалы интернетке қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Jsk ақпарат

Автор: admin