Еңбекші ауданы прокуратурасымен жүргізілген талдау нәтижесінде мемлекеттік кірістер басқармасымен 226 кәсіпкерді заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілері анықталды. Атап айтқанда, кәсіпкер «С» Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 208-бабының (Салықтық өтінішті, салықтық есептілікті ұсыну тәртібі) талаптарын бұзғаны үшін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі зерделеу барысында Басқарма ҚР ӘҚБтК-тің 744-бабына сәйкес оған істі қараудың уақыты мен орны туралы хабарламағаны белгілі болды. Прокурорлық қадағалау актісі арқылы лауазымды тұлғаның заңсыз шығарылған қаулысының күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Уәкілетті органның жауапты тұлғалары тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Қайталап айтамын: мемлекеттік құрылымдардың кәсіпкерлік қызметке кез келген заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағалануы керек. Кәсіпкерлер шенеуніктер тарапынан заңсыз қысым көрсе, бірден прокуратура органдарына жүгінгені жөн», — деген. Прокуратура органдарының басты міндеттері болып адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғауды және қалпына келтіру,заңдылықты бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың зардабын анықтауды және жою болып табылады. Шымкент қаласында салада атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Осы орайда құқық қорғау органдары кез-келген қала тұрғындары мен қонақтарының заңды құқығын шектейтін мәселелердің алдын-алып, шағын және орта бизнес субьектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын үдете түскен. Сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының кәсіпкерлердің банктік шоттарына тыйым салу мәселесі оңтайлы жолмен шешу жұмыстары қаламызда жалғасуда. Нәтижесінде, егер сот санкциясы болмаса, банктер 10 күннен кейін шектеуді алып тастайды. Елімізде бизнесті қорғау саласы түбегейлі жаңғырғалы тұр. Бас прокурор Берік Асыловтың сөзінше, қазір мүдделері қозғалған бизнес субъектілеріне аудит қорытындыларымен танысуға және шағымдану құқығын беру мәселесі заңнамалық тұрғыда реттелген. Бұған қоса кәсіпкерлерге қатысты салық бұйрықтарын шығарудың және фискалдық органның бақылау-кассалық машиналарды қолдану мәселелері бойынша тексеру жүргізудің, сондай-ақ әкімшілік жаза қолданудың заңсыз тәжірибесі тоқтатылыпты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен прокурорлық қадағалау кәсіпкерлердің және инвесторлардың мәселелерін тиімді шешуге бағытталған. Осындай шаралардың бірі – өткен жылы қыркүйектегі форумның нәтижесі бойынша бизнесті қорғау жөніндегі бірлескен іс-шаралардың кешенді жоспары қабылданды. Онда бизнес өкілдерін мазалайтын өзекті мәселелер қамтылған. Барлығы 44 іс-шара. Яғни салықтық әкімшілендіру мәселелерінен бастап, олардың құқықтарына нұқсан келтіретін кез келген деңгейдегі актілердің күшін жоюға дейін. Нақты кейстер қамтылған осы іс-қимыл жоспарын іске асыруға 21 мемлекеттік орган жұмылдырылған.
Jsk ақпараттық агенттігі