• 16 ноября, 2025 3:54 пп

Шымкенттіктер полицияның цифрлық сервисін белсенді пайдалануда

Автор:admin

Окт 7, 2025

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңесте «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап өтті. Президент: «Әділетті  Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», – деді. Бұл жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігінің конституциялық қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Бұл туралы Президент тағы да еске салған болатын. Заңды сақтау – әділеттіліктің негізі. Сонымен бірге әділетті қоғамда заң – теңдік пен тәртіптің кепілі. Құқықтық мемлекеттегі әділеттілік заңмен реттелген барлық әлеуметтік қатынастардың ортақ белгісі болады. Бұл ретте заңның сақталуы жауапкершілікті қабылдауды да білдіреді.  Осы орайда құқық саласын цифрландыру аса маңызды екені баршамызға мәлім. Бүгінде  Шымкенттіктер полицияның цифрлық сервисін белсенді пайдалануда, – деп хабарлайды Jsk.kz ақпараттық агенттігі. Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі іске қосылғаннан бастап полицияға азаматтардан 1271 хабарлама түсті. Қала тұрғындары полицияға тікелей жүгіну және құқық бұзушылықтар туралы хабарлаудың жаңа мүмкіндігін белсенді қолдануда. Шағымдардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу жайттары, жол-көлік оқиғалары және басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты болды. «Заң мен Тәртіп» сервисі тәулік бойы жұмыс істейді және азаматтарға құқық бұзушылықтар туралы хабарлаудың ыңғайлы әрі жылдам түрін ұсынады. Полицияға келіп түскен хабарламалар тіркеліп, белгіленген тәртіпке сай қаралады. Сервисті «eGov Mobile» және кейбір банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Өтініш беру үшін қосымшада «Заң мен Тәртіп» батырмасын таңдап, құқық бұзушылықтың түрі мен болған орнын көрсетіп қысқаша форманы толтыру жеткілікті. Ақпарат автоматты түрде полицияға жолданады. Айта кетейік, цифрлық технологияларды қолдану азаматтар мен полиция арасындағы өзара әрекеттестікті ашық, ыңғайлы және жедел етіп, қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге ықпал етеді.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin