• 18 сентября, 2025 11:16 пп

Шымкенттік құқық қорғау органдары «Заң және тәртіп» қағидалары негізінде тың бастама көтеріп, жаңа форматтағы алдын алу шараларын қолға алды.

Автор:admin

Авг 31, 2025

Шымкент қаласының Полиция департаменті бүгінде ғаламтор арқылы кеңінен таралып қоғам өміріне аса зиянын тигізіп келе жатқан интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында егде жастағы азаматтармен тікелей жұмыс істеуге назар аударыпты. Жергілікті əкімдікпен бірлесе отырып зейнеткерлердің ресми тізімін жасақтап алған тəртіп сақшылары əрбір егде жастағы тұрғындардың үйіне барып, жеке-жеке түсіндіру жұмыстарына білек түре кірісіп кеткен. Полициялар тарапынан осыған дейін қолданылмай келген мұндай шаралар зейнеткерлерді қауіптен сақтап, материалдық түрде болатын аса үлкен зардаптардың алдын алуға оң ықпалын тигізері хақ. – Бұл əдеттегідей үгіт-насихат емес, қауіптің нақты көріністері мен зардаптарын мысалға келтіре отырып, қауіпсіздік шараларын саналы түрде сіңіруге бағытталған арнайы шара болып отыр. Полицейлер зейнеткерлерге бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеу, жеке деректерін ешкімге жария етпеу қажеттігін, алаяқтардың жиі қолданатын айлаларын нақты мысалдармен жеткізіп, түсіндіріп береді. Сонымен қатар, тұрғындарға жедел байланыс үшін жеке нөмірлерін қалдырып, күмəнді жағдай бола қалса, дереу хабарласуға болатынын ескертті, – дейді Шымкент қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Бағлан Исатаева. Шымкент қалалық Полиция департаменті ұсынған деректерге жүгінсек осы бағытта жүргізілген жұмыстар көп күттірмей өзінің оң нəтижесін де бере бастаған. Мəселен, жуырда бір зейнеткер бейтаныс нөмірден қоңырау алғаннан кейін, бұрын ақпараттық түсіндіру жүргізген полиция қызметкеріне хабарласып, шотындағы ақшасын алаяқтардың арбауынан аман сақтап қалғанын айтып, тəртіп сақшыларына ақжарма тілектерін жаудырған. Бұл тек бір ғана мысал. Мұндай сақтық шаралары полицияның жаңа тəсілінің тиімділігін дəлелдей түсетін нақты көрсеткіштермен оның нəтижесін айғақтап берді. Полицияның дерегінше мұндай қадамға интернет алаяқтыққа қатысты қылмыстық фактілердің шамадан тыс көбейіп кетуі себепкер болған. Ғаламтор арқылы «Аңқау елге арамза молда» болған алаяқтарға қарсы əрекет ету үшін полиция профилактикалық алдын алу шараларының аса қажеттігін алға тартты. – Интернет арқылы алданғандар, жылдар бойы бала-шағалары мен немерелерінің аузынан жырып баспана, көлік басқа да қажеттіліктер үшін жинап келген қаражатын алаяқтарға ұстатып жібергендер бұрнағы жылдармен салыстырғанда тым көбейіп кеткен еді. Əсіресе, зейнет жасындағы адамдар осындай қылмыстардың құрбаны болып жатады. Зардап шеккендер қаражатын аударып жібергендіктен оны табу да аса үлкен қиындықтар тудырады. Сондықтан ең алдымен профилактикалық алдын алу шараларынан бастау қажеттігін аңғардық. Бұған дəлел тек жыл басынан бері ғана Шымкент қаласының өзінде 300- ге жуық интернет-алаяқтық дерегі тіркеліп, келтірілген материалдық шығын көлемі 900 миллион теңгеге жуықтаған. Бұл мəселенің қаншалықты ауқымды əрі өзекті екенін айғақтап береді, – деп толықтырды Бағлан Исатаева.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin