• 27 ноября, 2024 4:44 дп

ШЫМКЕНТТІҢ ҮЗДІК ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Автор:admin

Июн 18, 2023

Шымкент қаласында «Қазақстанның үздік тауары — 2023» байқауының өңірлік іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Іс-шараны қала әкімдігі мен «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлік Палатасының қалалық филиалы ұйымдастырып отыр.  Арбат алаңында өткен салтанатты кеште жеңімпаздар үш номинация бойынша марапатталды.

Жеңімпаздарды тәуелсіз сарапшылар мен бизнес-қауымдастықтар, салалық қоғамдық бірлестіктердің өкілдері анықтады.

–Жыл сайын өтетін әр байқауда жаңа тауарларды көреміз. Бүгін де кәсібін бастап, ішкі нарыққа кіре бастаған жаңа өндіріс орындарымен таныстық. Осы іс-шара арқылы кәсіпкерлер халыққа өз өнімдерін таныстырып, брендін қалыптастыруға мүмкіндік алады. Көрмеде қала тұрғындары «Осының бәрі өзімізде өндіріле ме?» деп тандануда. Бүгінгі қала деңгейінде анықталған жеңімпаздар жыл соңында республика көлемінде бақ сынайды. Тұрғындарымызға айтарымыз – күнделікті тұрмыста, құрылыста, жалпы барлық жағдайда тек отандық өнімді тұтынсаңыздар екен. Осындай қадамдар еліміздің өндіріс саласының дамуына, экономиканың ілгерілеуіне зор үлес қосады, — деді «Атамекен» ҰҚП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.

Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы тарапынан қаладағы дүкен сөрелеріндегі тауарларға талдау жүргізіп, басым бөлігі отандық өнім екенін анықтапты.

–Қаламызда өндіріс орындары халықтың сұранысына сай дамып келеді. 2020 жылы басталған пандемияның өзі отандық өндірістің дамуына алып келді. Біз жуырда дүкен сөрелеріндегі құрылыс пен тамақ өнімдеріне талдау жасап, тауардың 70 пайызы өзімізде өндірілген отандық өнім екеніне көз жеткіздік. Геосаяси жағдайға байланысты импорт көлемі азайып, еліміздегі кәсіпорында өндірілген тауарларға сұраныс артып отыр, — деді басқарма басшысы Береке Дүйсебеков.

Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясымен «Ak-su» корпорациясы, «Asia Trafo» және «Medcomfort» кәсіпорындары марапатталды.  «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясына «Бал Текстиль», «ШымКай», «Әлем БТ» лайық деп табылды. Ал, «Рахат», «Van elle» және «Sweet ideas» кәсіпорындары «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша марапатталды.

Jsk ақпарат

Автор: admin