Инвесторларды тарту да оңай шаруа емес екені анық. Әдетте инвесторлар бүкіл тәуекелдерді есептеп барып, бір-ақ шешім қабылдайды. Соның ішінде инвестордың ойында «шикізатты қайдан алам», «өнімді қайда өткізем» деген екі сауал тұрады. Бүгінгі әлемдегі геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы логистика мен экспорт-импортты қиындатып отырған жайы бар. Сондықтан шымкенттік кәсіпкерлерге қазіргі ахуал оңай тиіп отырған жоқ. Дей тұрғанмен, маманның сөзінше, республиканың үшінші мегаполисінде кәсібін дөңгелетіп отырған инвесторларға барынша жеңілдіктер қарастырылған. Айталық, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында кәсіпорындар әлеуметтіктен басқа мүлік, жер, корпоративтік табыс секілді салықтың барлық түрлерінен босатылған. Зауыт құрылысына жер учаскесі арендаға арзан бағада немесе кейбір өміршең жобаларға тегін беріледі. Сонымен бірге, барлық кәсіпкерлер мен әлеуетті инвесторлар «Бизнестің жол картасы–2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына қатысып 6 пайыздық жеңілдікпен несие ала алады. Инвестициялық келісімшарт құжатының көмегімен түрлі жеңілдіктерге қол жеткізеді. Мәселен, сырттан әкелінетін қондырғы ақысының 30 пайызы сатып алған кәсіпкердің өзіне қайтарылады. Сондай-ақ ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты «QazTrade», «Қазақ экспорт» АҚ ұлттық компаниялары сақтандыру, дайын өнім тасымалына кеткен шығынның өтемақысын төлеу, жарнамалау, шетелде қоймада тұрған отандық тауардың жалдау ақысын өтеп беру секілді мәселелер бойынша кәсіпкерлерге көмек қолдарын созуда. Мегаполисте 4 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Ол «Оңтүстік ИА», «Оңтүстік» АЭА», «Тассай» ИА және жаңадан ашылып жатқан «Жұлдыз» ИА. Негізгі өндіріс ошақтары алғашқы үш индустриалды аймақта орналасқан. Жалпы кәсіпорындарды бір алаңға шоғырландыру бұл әлемдік үрдіс, дүние жүзінде бар тәжірибе. Батыстың дамыған елдері де Түркия секілді экономикалық динамикасы қарқын алып келе жатқан дамушы мемлекеттер осы тәжірибеден өткен. Сондықтан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі саналатын Қазақстан үшін индустриалды-инновациялық дамуды дәл осындай тәсілмен жолға қою жаңалық емес. Жоғарыда аталған 4 индустриалды аймақтың инфрақұырылымын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен 17,8 млрд теңге қаражат жұмсалса, қазынаға ондағы кәсіпорындардан түскен салық табысы бүгінге дейін 36,5 млрд теңгеге жеткен.
Jsk ақпарат