• 16 января, 2025 7:00 пп

Шымкентті инфрақұрылыммен қамту бойынша арнайы жол картасы әзірленген

Автор:admin

Ноя 13, 2023

Шымкентке осыдан бес жыл бұрын магистралды ауыз су қуаттылығы тәулігіне 273 мың текше метр болса, халықтың қажеттілігі 323 мың текше метрді құрайтын. Электр энергиясында да осыған ұқсас мәселе, қала тұрғындары тәулігіне 330 мВт жарық қуатын қолданып келген. Ал, негізгі қажеттілік 455 мВт. Шымкент халқы 270 мың текше метр табиғи газ қажеттілігі болғанымен тәулігіне 180 текше метр газды тұтынып келді. Шымкент қаласы әкімдігінің салаға жауапты басшыларының айтуынша, жалпы қаладағы 297 мың халыққа ауыз су, 308 мың халыққа электр энергиясы және 257 мың тұрғынға табиғи газ жеткізу мүмкіндігі болмапты. Мұндай күрделі мәселені шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қаланы инженерлік инфрақұрылыммен қамту бойынша жоспар әзірленген. –Жолдардың сапасы бойынша да бірнеше өзекті мәселе болатын. Қаланы инфрақұрылыммен қамту жөнінде арнайы жол карта әзірленіп, жоспар Үкіметтің қолдауымен қарқынды іске асырылып жатыр. Соңғы 5 жылда инженерлік — инфрақұрылым жүйелеріне бюджеттен 191 млрд теңге бағытталып, оның 87 пайызы немесе 166 млрд теңгесі соңғы үш жылда бөлінді. Нәтижесінде, 1 магистралды суаққы салынып, қуаттылығы тәулігіне 364 мың кубқа жетті. Ол, шамамен 2030 жылға дейін жетеді. 4 қосалқы станция салу арқылы, электр энергиясының қуаттылығы 490 мВт-қа жетіп, қаланың 2025 жылға дейінгі қажеттілігі шешілді. Газдандыру саласында да оң нәтижеге қол жеткіздік. Жаңа АГРС салу арқылы, газ қуаттылығы тәулігіне 430 мың метр кубқа жетіп, 2030 жылға дейінгі табиғи газ мәселесі шешімін тапты, — деді құзырлы жергілікті билік өкілдері. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингте. Шаһарда 2023 жылдың он айлық қорытындысымен ауыз сумен қамту деңгейі 98, электрмен қамту 98, табиғи газбен қамту 94 пайызға жетті. Биыл елді мекендерді ауыз су, сапалы электр жүйелерімен қамту мәселесі шешілсе, 2025 жылы табиғи газ тарту құрылыстары аяқталып, қала халқы 100 пайыз көгілдір отынға қол жеткізеді. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, биылғы жоспар бойынша қала тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 94,7 пайызға жеткізілмек. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков биыл тағы да 2 магистральді газ құбыры жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Жыл соңына дейін 8 елді мекенге ішкі газ тарату желісін тартамыз. Олар, атап айтсақ: Тұран, Көкбұлақ, Ақтас 1-2, Батыс, Қайнарбұлақ, Сәуле (276-орам), Ақжар, Арғымақ, Нұртас, Солтүстік саяжай және Тассай елді мекендері. Жалпы, Шымкент қаласын 2025 жылға дейін толық газдандыруды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма басшысы. Осы орайда қаладағы №3 автоматтандырылған газ тарату станциясын бөлек атап өтуге болады.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin