• 24 ноября, 2024 11:22 пп

ШЫМКЕНТ: БАҚЫТТЫЛАР БАҚЫТТЫ ҚАЛАНЫ САЯХАТТАДЫ

Автор:admin

Сен 5, 2022

Шымкент басқа қалаларға қарағанда халық өте көп шоғырланған. Өйткені климаты жылы, ауа-райы жайлы болып келеді. Қаламыздың көкорай шалғын шөптері, ағаштары, жайқалған гүлдері оны одан әрі әсем етіп, көркем етіп көрсетеді. Шымкентті «жасыл қала» деп аталуының бір себебі де осы. Шымкенттің айналасында Бадам және Арыс өзендері ағып өтеді. Шымкент сауда-саттық жағынан да жақсы дамыған. Шымкентте бірнеше завод, фабрика, өндірістік орындар бар. Қазақстандағы туризмді белсене қолға алып, қызу дамытуға ең қолайлы да аса бейім қалалардың бірі, сөз жоқ, шырайлы Шымкент шаһары. Біз мұны соңғы кездері кең-байтақ еліміздің ендігі мен бойлықтарын ойша сүзіп шығып, кімде қандай мүмкіндіктер мен артықшылықтар бар екенін безбенге салып көре бастағаннан кейін толық аңғара түскен секілдіміз. Ал Қазақстанда қазіргі таңда осы бір «түтінсіз фабрика» атанған әлеуетті сала аса жылдам қарқын алып кетпегенмен, ақырындап дамып келе жатыр. Туристік фирмалар түрлі маршруттардың бірнеше нұсқасын ұсынуға дайын. Олардың арасында тарихи жерлер, белсенді демалыс орындары, сауықтыру мекендері бар. Егер таңдауға Шымкент шаһары түсе қалса, бұл қаланың тартымдылығы мен тарту күші соңынан ешкімді де бейжай қалдырмас еді. Мұнда сырттан келген кісілер қызыға қарайтын, сүйсіне тамашалайтын орындар мен мекендер өте көп. Ең бастысы, ертегідей көзге елестейтін қалада ұмыт қалдырып кетуге болмайтын қызықты нәрселер де жеткілікті.Шымқаланың орталығында көптеген саябақтар, ойын-сауық орталықтары, зообақ, цирк, сауда орталықтары бар. Саябақтарда көптеген тарихи мүсіндер қала көркіне көрік қосып тұр. Атап айтқанда: Абай саябағында А.Құнанбаевтың мүсіні, облыстық сот алдындағы үш бидің мүсіні,  Ұлы сазгер-композитордың  құрметіне салынған Шәмші аллеясындағы Шәмші Қалдаяқовтың мүсіні, Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің құрметіне салынған ескерткіш тастар бар. Шымкент қаласы туризм және сыртқы байланыстар басқармасы «Бақытты қалаға саяхат» байқауының кезекті жеңімпаздарын қарсы алды.

Маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында Туризм индустриясы комитетінің ұйымдастыруымен “Qazaqstan Live Fest” фестивалі өткен болатын. Халықаралық көрмеде «Бақытты қалаға саяхат» байқауы ұйымдастырылып, жеңімпаздар анықталған.

Бұл жолғы байқаудың жеңімпаздары – 2003 және 2007 жылы туылған Қарағанды облысының тұрғындары. Жасөспірімдер Шымкентке саяхатқа келіп, туристік орындармен танысты. Атап айтсақ, балалар туризмін дамытуда ерекше нысан – хайуанаттар бағы, дендропарк және Цитадель және Орта Азиядағы ең үлкен аквасаябақ «FONTAN» су қалашығында болды. Сондай-ақ қаламыздың танымал ас мәзірінен де дәм татып, ерекше әсерге бөленді.

Осылайша жеңімпаздар екі күндік сапар барысында қаламыздың туристік әлеуетімен танысып, қаланың қонақжайлы келбетіне тәнті болып қайтты.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin