• 29 ноября, 2024 4:35 дп

Шымкент — жоғары инвестициялық әлеуетті көрсетуде!

Автор:admin

Июн 15, 2023

«Жұлдыз» арнайы индустриалдық аймағының болса жалпы алаңы 306 гектарды құрайтын жаңа аймақ 2021 жылы ашылып, қазір экономикалық алаңның 121 гектарына жоспарға сай инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүргізілуде. Қала басшысы Мұрат Әйтенов биылғы жылдың 6 шілдесіне дейін инвесторлар үшін жоспарға сай электр желісі, су, табиғи газ, кәріз жүйесі тартылып үлгеруі қажет екенін айтып өтті. Инвесторлар бізге сеніп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Сондықтан оларға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіспіз, — деген қала басшысы инфрақұрылым жүргізіп жатқан мердігер мекемелермен ғана емес, инвесторларды да сөзге тартып, олардың тың жобаларын тыңдады. Сонымен бірге қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы тиісті басқарма басшыларына инвестициялық жобаларға қатысты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе құрылысын бастаймын деген жобаларды сүйемелдеп, қажетті рұқсатнама құжаттарын алуға жәрдемдесу, жоспарланған жобалардың уақытылы іске асырылуына көмектесу, жосықсыз жобаларды арнайы экономикалық аймағынан шығарып, орнына приоритетті жобаларды кіргізу керектігін айтты. Айта кетейік, екі жыл көлемінде «Жұлдыз» индустриалдық аймағында машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы саласы бойынша 147,2 млрд. теңгені құрайтын 42 жоба әзірленді. 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асатын осы жобалардың аясында 4 мыңға жуық тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Оның ішінде 2023 жылы инвестициялық құны 7,1 млрд. теңге құрайтын, 411 жаңа жұмыс орындарымен 5 жобаны іске қосу жоспарлануда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов «Жұлдыз» және «Тассай» индустриалдық аймағының жұмыстарын таразылаған соң, кезекті рет «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын аралады. Мұнда электр желісі, газ, су және өзге де инженерлі-коммуналды жүйе тартылып қойғандықтан, дайын инфрақұрылым мен қолайлы логистика арқылы нарықта тауар өндірісін қалыптастырып үлгерген кәсіпорындар жұмыс істейді. Дегенмен, өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін де экономикалық аймақ қолдау көрсетуге әзір. Қала басшысы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында бірқатар кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Мәселен, «Шабитекс» ЖШС-і әскери және арнайы жұмысшы киімдерін тігумен айналысады. Нарықта өз орнын тауып, тігін фабрикасына қажет түрлі техникалық жабдықтармен қамтылған кәсіпорын болашақта жұмыстарын ұлғайту мақсатында жаңа жоба бастап кеткен. Мұрат Дүйсенбекұлы кәсіпорын басшысының бастамасын қолдап, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге тоқталып өтті. Сонымен қатар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 млрд. теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасаған. Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады. Жалпы соңғы жылдары Қазақстан жоғары инвестициялық әлеуетті көрсетуде мүмкіндіктері мол. Атап айтқанда, стратегиялық орналасуы, бизнеске қолайлы орта, инвесторлардың құқықтарын қорғау, инвестициялық ынталандырулар, саяси тұрақтылық, шикізат мол қоры, адам капиталы, табиғи ресурстардың молдығы инвесторлардың қызығушылығын арттыруда.

Jsk ақпарат

Автор: admin