• 27 ноября, 2024 3:41 дп

Шымкент инвестиция тарту бойынша өндіріс көлемін арттырды!

Автор:admin

Авг 4, 2023

Шымкентте  өндіріс бойынша қалада жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын  өндірістік алаң жұмыс істейді, онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд.теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінге қолданыстағы өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты,  жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аумақтарын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақтарда 400 млрд.теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырыуы ықтимал. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылу жоспарда.

Жаңадан құрылатын аумақтардың екеуі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, үшеуі жаңадан құрылатын алаңдар қатарында. Оның ішінде жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Жалпы аумағы 306 гектар аймаққа инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады, 200 млрд. теңгеден астам қаржыға 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ. Мемлекет Басшысының инвесторларды одан әрі қолдау және стратегиялық инвестициялық келісімді енгізу туралы тапсырмасын орындау аясында Қазақстанда ағымдағы жылдың басынан бастап инвесторлар Парламентте ратификациялаусыз Үкіметпен инвестициялар туралы келісімді тікелей жасасуға мүмкіндікке ие болды. Осы орайда Шымкент қаласы инвестиция тарту бойынша кешенді жұмыстар жоспарын бекітіп, жүйелі жұмыстарды қолға алды. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік және Салық кодекстеріне бизнес ортаны жақсартуға және инвестициялық ынталандыруды кеңейтуге бағытталған бірқатар түзетулер енгізілді. Үкімет сондай-ақ инвестициялар туралы келісімдер үшін салалардың басым түрлерін айқындады. Сондай-ақ, инвесторлар мен Үкімет әрбір жоба үшін преференциялар пакетін берудің атаулы тәртібі туралы ортақ келісімге келуге мүмкіндік беретін нормалар бекітілді. Келісім үшін салық және еңбек заңнамасының нормаларына ерекше назар аудара отырып, 25 жыл мерзімдегі заңнаманың тұрақтылығы көзделген. Инвестициялар туралы келісім фармацевтика, ауыл шаруашылығы, тамақ өнімдерін, медициналық бұйымдарды өндіру және т.б. сияқты стратегиялық маңызды салаларда кемінде 7,5 млн. АЕК ($51 млн) мөлшеріндегі инвестициялар көлемін көздейтін ірі жобаларды тиімді іске асыру мүмкіндігін ашады. Қолданыстағы инвестициялық келісім-шарттан айырмашылығы, ірі инвесторлар үлгілі немесе стандартты нысанды сақтамай, Үкіметпен келісімдер жасай алады. Ұсыну тәртібі мен қолдау құралдары да келісімде жеке белгіленетін болады. Инвестициялар туралы Келісім шеңберінде стратегиялық инвесторлар корпоративтік табыс салығына, мүлік салығына, жер салығына, сондай-ақ, егер жоба АЭА аумағында іске асырылатын болса, қосылған құн салығына қатысты салықтық каникулдарды ала алады. Сонымен қатар, инвесторлар салық міндеттемелерін 20 пайызға дейін төмендетуі мүмкін. Салықтық демалыстан басқа, мемлекет инвесторларға құрылыс-монтаждау жұмыстары мен жабдықтарды сатып алу құнының 20%-на дейін өтейтін болады. Айта кету керек, инвестициялар туралы келісім шеңберінде салықтар бойынша преференциялар алуға тыйым салу жер қойнауын пайдаланушылар мен акцизделетін тауарларды өндірушілер үшін көзделген.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin