Заң үстем болмай әділдік орнамайды. Оны тіпті қоғамды біріктіріп ұстап тұрған ұстын ретінде түсіндіруге болады. Азаматтары заңға сенуден қалып, ережелері орындалмай жатқан елдің құрдымға кетуі оңай. Ондай елді кірпіші біртіндеп мүжіле бастаған үйге ұқсату керек. Бұл – қоғамға да қатысты теңеу. Біздің әрқайсысымыз «ештеңе етпейді» деген оймен заң бұза берсек, әділдіктің өзегін шірітеміз. Сондай-ақ заңды берік ұстану ұлттық қауіпсіздікке тікелей ықпал етеді. Заң мен тәртіпке бағынған ел ғана қауіпсіз қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастыра алады. Заңды сақтау – әділеттіліктің, теңдік пен тәртіптің кепілі. Елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын қалыптастыру маңызды рөл атқарады. Бұл – бәріне бірдей бұлжымас қағида. Заңның сақталуы, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетінің деңгейін арттыру – маңызды міндет. Дамыған қоғам жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке, бұзақылыққа жол бермейді. «Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. «Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Ең алдымен, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс», – деген болатын Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Өйткені құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. Көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұру, келеңсіздіктермен қоғам болып күресу өте маңызды. Елімізде кең таралған тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты құқықбұзушылық әрекеттерге мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Өйткені азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болмақ. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайтынын уақыттың өзі дәлелдеді. Соңғы 10 күн ішінде полицияның мотопатрульдері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 500-ге жуық жайтын анықтап, тоқтатты. Мотопатрульдердің негізгі міндеті – қала көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және жедел әрекет ету. Мотопатрульдер «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында қызмет атқаруда. Мотоциклдерді пайдалану тәртіп сақшыларына оқиға орнына жылдам жетуге мүмкіндік береді, әсіресе көлік қозғалысы тығыз учаскелер мен қарбалас уақытта бұл тәсіл тиімділігін көрсетуде. Мотопатрульдердің басты артықшылығы – жеделдік пен мобильдік. Мұндай қызмет форматы полиция жұмысының тиімділігін арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді. Айта кетейік, мотопатрульдер қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында тұрақты түрде рейдтік іс-шараларға да қатысуда.
Jsk ақпараттық агенттігі
