• 23 ноября, 2024 10:23 дп

Шымкент: Нашақорлық пен есірткі бизнесі — ұлт қауіпсіздігіне төнген қатер

Автор:admin

Ноя 14, 2024

Шымкент қаласында есірткі заттарын жарнамалайтын және сатумен айналысатын 50-ге жуық ғаламтор сілтемесі анықталып, «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, бұғатталды. Тексеру нәтижесінде 10 жарнама түрі бойынша қылмыстық істер тіркелген. Бұл туралы Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Маратұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Тұран ауданында бірқатар ғимарат қабырғаларына есірткі сатуға қатысты жарнамалар жазылғаны анықталып, бұл факті бойынша ҚК-тің 299-1-бабымен қылмыстық іс қозғалған. Жергілікті полиция тергеу жұмыстарын жалғастыруда, ал күдікті тұлғаларды анықтау үшін шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, бұл шараларға қазақстандық танымал әртістер мен қоғам қайраткерлері, атап айтқанда «Мұзарт» тобының әншілері Сәкен Майғазиев пен Кенжебек Жанабілов, Нұрлан Өнербаев, Серік Ибрагимов, «Alldavay» тобының солисті Шоқан Маратұлы өз қолдауын білдірді. Олар өздерінің әлеуметтік желілерінде есірткіге қарсы профилактикалық шараларға қатысып, ақпарат таратқан. Оқушылар мен кәмелетке толмағандар арасында да есірткі заттарының зияны, оларды қолдану, сақтау және жарнамалау үшін заңды жауапкершілік туралы тұрақты түсіндіру шаралары ұйымдастырылып жатыр. Қазіргі таңда есірткі мәселесі қоғамның басты қауіптерінің бірі ретінде қарастырылуда. Бұл мәселенің өзектілігі оның халық денсаулығына және ұлт қауіпсіздігіне тікелей әсер етуімен байланысты. Есірткі заттарын пайдалану халықтың генетикалық қорын әлсіретіп, ұлттың болашағына үлкен қауіп төндіреді. «Есірткі бизнесі ұлттық және аумақтық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін, себебі оның белгілі бір бөлігі экстремизм мен терроризмді қаржыландыруға бағытталып келеді. Нашақорлық тек адам денсаулығына зиян келтіріп қоймай, қоғамның тұрақтылығын бұзады, сондай-ақ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіреді. Оған еліміздегі «Қаңтар оқиғасы» мен Украинадағы «Майдан» оқиғалары нақты дәлел. Мемлекет басшысы бұл мәселені жыл сайын көтеріп отырады, себебі кейбір адамдар есірткіні бизнес ретінде қарастырса, өзгелері оны ұлттың тәуелсіздігіне қауіп төндіретін құрал ретінде пайдаланады. Осыған байланысты биылғы жылы қылмыстық қудалау органдары мен уәкілетті мекемелердің есірткімен күрес жұмыстары күшейтілді»,-деді брифингте Ержан Маратұлы. Қала прокуратурасы есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтау бойынша арнайы топ құрды. Құқық қорғау органдарының тарапынан Қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптары бұзылып, 8 іс тоқтатылса, биыл мұндай бұзушылықтарға жол берілмеді.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin