• 2 августа, 2025 9:18 пп

Шымкент прокуратурасы алаяқтықпен күресуде жаңа тәжірбиеге көшті

Автор:admin

Июл 19, 2025

Шымкент прокуратурасының алаяқ­тықпен күресудегі жаңашыл тәжі­ри­бесін барлық облыс зерделеп көрді. Бас­тама жақсы нәтиже берген соң Ішкі істер министрлігінің құрылымы өзгер­ті­ліп, онда қазір жаңа кибербөлім құ­рыл­ды. Өз сөзінде қала прокуроры «Кибер­пол» жұмысын жетілдіру туралы нұсқау­лар берді, басқарманың кәмелетке толма­ғандар арасындағы қылмыспен күресуге бағытталған «Заң үйірмесі» жобасын шұғыл түрде жүзеге асыруды тапсырды. Қала прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков кеңейтілген жиналыстардың бірінде өз баяндама ба­рысында қадағалаушы органның әлеу­­мет­тік-экономикалық саладағы маңыз­ды жетістіктерін атап өткен болатын. Мәсе­лен, қабыл­дан­ған шаралардың нәтиже­сінде тұрғын­дар­дың улы газдан улану оқиғалары 44%, иіс­тен қайтыс болғандар саны 22% төмендеген. Есірткі таратудың бір жолы – жасырын жазба белгілерін қалдыру. Есірткі тұтынушылар сол жазба белгілері ар­қылы сататын адамдармен байланысқа түседі. Мұндай белгі­лер қалада көп. Әсі­ресе көпқабатты үйдің бұрыштарына байқатпай жазып қалдырып кетеді. Жай адам оны байқамауы да мүмкін. Тіпті байқаса да не екен деп елемей өтіп кетіп береді. Ал нашақорлар үшін бұл – есірткі алудың бірден-бір құпия жолы. Құқық қорғау органдарының басты мақса­ты – осы жазба белгілерді жою. Әрине, шаһардағы бүкіл тәртіп сақшылары оның көзін құртуға шамасы жетпейді. Сон­дықтан бұл жерде еріктілердің, қоғам белсенділерінің көмегі қажет. Айтқандай мұндай құпия жазбаны есірткі граффитиі деп атайды. Өз кезегінде қалалық прокуратура осы белгілерді жоюдың коммунал­дық қызмет саласының 3 мыңға жуық жұмыскер­ін жұмылдырған. Сөйтіп, өзара іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, олардың функционалдық міндеттеріне өзгерістер енгізілді. Коммуналдық шаруа­шылық қызметкерлерін ынталандырудың әртүрлі тәсілдері іске асырылды. Соның нәтижесінде қысқа уақыт ішінде көше тазалаушылар көмегімен 3,5 мыңнан аса граффити жойылды. Сондай-ақ құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында коммуналдық қызметкерлер басқа да заңсыз әрекеттердің жолын кесуге жәрдем көрсетті. Айталық, коммуналшылар шағымымен 606 хабарлама келіп түссе, нәтижесінде 284 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Одан бөлек, 6 қылмыстық іс қозғалып тек 1 іс бойынша үкім шығарылды. Прокуратура тарапынан жүргізілген салық органдары қызметіндегі тексеру барысында коммерциялық нысандардың 70%-ы салық төлемейтіні, ал 23%-ы мүліктің бағалау құнын төмен көрсеткені анықталды. Мәселен, сараптама бір ме­ке­медегі мүліктің құнын 900 млн теңге­ге бағаласа, декларацияда ол 50 млн теңге деп қана көрсетілген. Осы тексе­ріс жұмысының нәтижесінде салық түсімдері 14%, яғни 10,5 млрд-тан 12 млрд теңгеге дейін өскен. Осыған байланысты қала прокуроры мүліктің құнын белгілеу тәжірибесін жалғастыруды, сондай-ақ бюджетті толықтыру бойынша тиімді шаралар қабылдауды талап етті. Сонымен қатар қадағалаушы орган басшысы өткен жылы кәмелетке толмағандар арасындағы суицид саны – 21%, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар – 43%, керісінше жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыстар 24% өскенін атап өтті. Сондықтан полиция департаментінде осы санаттағы істерді тергейтін жедел тергеу тобын құруды, оның құрамына балалар психологтерін қатыстыруды тапсырды.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin