• 23 ноября, 2024 3:53 пп

Шымкент экономикасы: бұрынғы қорғасын зауытының орнында ауқымды жоба қолға алынбақ!

Автор:admin

Июл 11, 2023

Ол негізгі екі бағыттан тұрады: біріншісі, осы аймақта жинақталып қалған 4.5 миллион тоннадай өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы мыс, күміс концентратын және мырыш оксидін өндіретін зауыт салынды. Бұл жобаның жалпы құны 13,3 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың алғашқы кезеңінің өзіне 2 миллиард 800 миллион теңгедей қаржы жұмсалды. Сөйтіп, өткен жылдың өзінде 300 мың тоннадай қалдық қайта өңделді. Енді зауыттың екінші кезеңін іске қосуға 10 миллиард 500 миллион теңге инвестиция құйылады. Екінші кезең іске қосылған кезде жылына 20 900 тонна мырыш оксиді өндіріледі, – дейді «Саутс Ойл» компаниясының инвестициялар бойынша вице-президенті Сапарбек Тұяқбаев. Сапарбек Құрақбайұлы – өңір экономикасын басқару, өнеркәсіпке инвестициялар тарту бойынша білгір маман әрі тәжірибелі басқарушы. Ол 2012-2016 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Сол жылдары қорғасының зауытының орнында осындай кәсіпорын ашуға келісетін инвесторды көп іздеп, ешбір компаниямен келісе алмағанын айтады. Ол кезде қалдықты қаланың сыртына, елді мекеннен алыс жерге тасып тастау жөнінде ұсыныстар айтылды. Бірақ, ол үшін тасымалдау жұмыстарының өзіне бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлу керек еді. Оның үстіне апарған жерімізде де бұл қалдықтан экологияға орасан зор зиян келетіні белгілі. Ал, инвесторлар мұндай ауқымды жобаға кірісуге тәуекел етпеді. Себебі, бұл өндіріс орнының рентабельділігі төмен, тәуекелділігі жоғары. Миллиардтаған инвестиция салынғанымен, күні ертең бірнеше жылдың ішінде қорғасын зауытының қалдығы таусылады. Сол кезде шикізаты жоқ зауыттың ары қарайғы болашағы белгісіз еді. «Саутс Ойл» компаниясы бұл жобаны қомақты пайда табу үшін қолға алмаған. Мұндағы негізгі мақсат – 30-40 жылдан бері халықтың денсаулығына зиянын тигізіп жатқан қалдықты кәдеге жаратып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлес қосу. Сөйтіп, қаланың көркеюіне, елдің дамуына және өз адамдарымыздың игілігіне қызмет ету. Міне, бұл Президент айтқан өз болашағын осы елмен байланыстыратын инвесторға тән әрекет. Жобаның екінші бағыты – «Стандарт» жекеменшік индустриалды аймағын құру. Яғни, біздің компания бұрынғы қорғасын зауытының аумағын тазалап, инвестор ретінде өз қаражатымыздың есебінен барлық инфрақұрылым желілерін жүргіздік. Енді бұл аумаққа заманауи талапқа сәйкес келетін өндірістік ғимараттар, ангарлар саламыз. Кәсібін жаңадан бастағысы келетін бизнесмендер осы жерге келіп, дайын ғимараттарды жалға алып, өзінің өндірістік қондырғыларын орнатып, жұмысын кедергісіз бастап кетеді, – дейді С.Тұяқбаев. Сапарбек Құрақбайұлы 2016-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған кезінде индустриалды аймақтардың қызметін реттейтін заң жобасын әзірлеуге жетекшілік еткен. Сол заңда индустриалды аймақтарды тек бюджет қаражатының есебінен емес, инвестордың есебінен де ашуға мүмкіндік беретін құқықтық норма бар. Міне, осы норма алғаш рет іс жүзінде қолданылып, Шымкентте «Стандарт» индустриалды аймағы құрылып жатыр. Бұл – әзірге Қазақстандағы жалғыз жекеменшік индустриалды аймақ. Жақында Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов оның жұмысымен танысып, Ұлттық экономика министрлігіне өзге қалалар мен өңірлерде де осындай жекеменшік индустриалды аймақтар ашу жөнінде тапсырма берді.

Jsk ақпарат

Автор: admin