• 11 сентября, 2025 11:15 дп

Шымкент қаласында «Ата заң – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Автор:admin

Авг 1, 2025

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай «Ата заң – Тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында қала прокуратурасының бастамасымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға сот, құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Жиынды қала прокурорының орынбасары Марат Ержан ашып, Конституцияның қоғамдағы орны мен адам құқықтарын қорғаудағы маңызына тоқталды. Талқылау барысында заң үстемдігін қамтамасыз ету, қылмыстық процесс шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ ҚР Конституциялық Сотының нормативтік қаулыларын орындау мәселелері көтерілді. Жиын соңында қатысушылар құқықтық мемлекетті одан әрі нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және жас буынды елжандылық пен әділеттілікке тәрбиелеу – баршаның ортақ міндеті деген тоқтамға келді. ​Дөңгелек үстел ортақ мақсаттарды жүзеге жолында бірлескен ынтымақтастық пен жауапкершілікті күшейтуге шақырған консенсуспен қорытындыланды. Еліміздің құқық қорғау мәселелерін ілгерілетудегі жоғары нәтижелілігін ерекше атап өткен Мемлекет басшысы кеңесте сөйлеген сөзінде: «Мен адам құқықтарын қорғау бағытына ерекше назар аударамын, өйткені оның жай-күйі, сайып келгенде, біздің қоғамның даму деңгейіне әсер етеді», деп атап өтті. Біз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен кезең-кезеңімен ілгерілеп келеміз. Мұны ел Президенті «Мемлекетіміздің стратегиялық бағ­дарының басым міндетінің бірі – сая­си жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру» деп түсіндіреді. Ал бұл міндет соңғы үш жылда адам құқығын қорғау саласына едәуір өзгерістер енгізіп, осы бағыттағы жұмыстарды біршама ілгерілете түскені анық. Солардың ішіндегі елеулісі – Үкімет бекіткен Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспар. Рас, Президент әу бастан адам құқығын қорғау саласын қашанда жеке-дара бөліп қарап, бұл мәселе бірінші кезектегі мәселе­ге айналды. Жоғарыда біз атап өткен жос­пар да саяси жаңғырудың маңызды бір кезеңі болып саналады. Ата Заңымызда да еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, ең қымбат қа­зы­насын – адам жəне адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары деп бекітті. Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияның алғашқы екі бө­лімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Жал­пы әлеуметтік жəне экономикалық, аза­мат­тық пен саяси құқықтың барлығын бір жерге біріктірсек те, нормалардың ішін­де адам құқының қорғалуы басымырақ түседі. Отыз жылдан бері қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс». Ең алдымен айтатынымыз – еліміз тə­уел­­сіздіктің алғашқы жылдарынан бас­­тап-ақ əлемдік деңгейдегі құқықтық қа­лып­­тың барлығын, соның ішінде адам мен аза­маттардың құқықтары мен мүд­де­леріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғаш­қы бабында да «Мемлекеттің ең қым­­бат қазынасы – адам жəне адамның өмі­рі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни еліміз ең бірінші орынға адамды қойды. Алдымен оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың барлығы Қазақ елін жай ғана мемлекет деп емес, адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп біледі. Сабырмен сансыз қиын­дықтарды жеңген еліміз ең бірінші мемлекет деген ұғымның емес, адам деген асыл құндылықтың бағасы биік тұратынын айшықтап берді. Кеңес заманында бұл ұғым керісінше еді. Бірінші орынға мемлекетті қойған Одақ одан кейін қоғамды, ал адам­ның құқын үшінші кезекке ысырып тастаған болатын.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin