• 19 сентября, 2025 6:49 пп

Шымкент қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңестің кезекті отырысы өтті.

Автор:admin

Сен 19, 2025

Жиында жастар саясаты мен қоғам үшін өзекті бес мәселе талқыланды.

Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 8 қыркүйектегі Жолдауында көтерілген бастамаларды насихаттау жайы сөз болды. Сондай-ақ жастар арасындағы жұмыссыздық пен оларды жұмыспен қамту, сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқыту, орта арнаулы оқу орындарында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, есірткіге қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар жан-жақты қарастырылды.

Кеңеске Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильдігі орталығы директорының орынбасары Бекзат Толыбаев, қалалық білім басқармасының бас маманы Жасұлан Есенкелді және Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков баяндама жасады. Кеңес жұмысын қалалық мәслихат депутаты, Кеңес төрағасы Нұрсұлтан Балабиев жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылап, қатысушылардың ұсыныстарын тыңдады.

Отырыс барысында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған студенттік ұйымдар мен волонтерлік қозғалыстардың жұмысы ерекше атап өтілді. Қазіргі таңда қала колледждерінде 900-ге жуық белсенді студент, 22 волонтерлік ұйым мен 19 пікірсайыс клубы жұмыс істеп келеді. Биылдың өзінде студенттердің бастамасымен 455 іс-шара өткізілген.

Сонымен қатар, еңбек нарығында жастарды қолдау мақсатында жыл басынан бері 7 792 жасқа түрлі қолдау көрсетіліп, олардың 2 740-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында 8 айда 375 қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 168 келіден астам есірткі заты тәркіленгені хабарланды.

Кеңес қорытындысы бойынша барлық көтерілген мәселелер бақылауда ұсталып, алдағы уақытта жүйелі жұмыстар жалғасатын болады.

Автор: admin