• 18 января, 2025 7:36 дп

Шымкент қаласының инфрақұрылым жүйесі – шалғай аудандарға басымдық берді

Автор:admin

Ноя 7, 2023

Қаланың өндірістік аумағы саналатын Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйесіне қатысты бірқатар мәселе кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл ретте, ауданның жаңа құрылыс аумағы мен қала құрамына енген елді мекендерге басымдық берілуде. Сайрам ауданының құрамынан қалаға қосылған шағынауданның бірі – Қарабастау жаңақұрылыс тұрғын алабы. Тұрғын алап халқы осы уақытқа дейін жекенің жарығын пайдаланып, сапалы ауыз судан тапшылық көріп келген. Соңғы жылдары бұл аймақта инфрақұрылым жүйесі қарқынды дамып, жаңа келбетке ие болды. Аймақтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Қала іргесінен 10 шақырымдық жерде орналасқан бұл аумақта бір-бірімен іргелес үш елді мекен бар. Олар – Қарабастау, Жұлдыз, Жалын, сондай-ақ бүгінгі таңда аумақтың екі жағалауына жаңақұрылыс аумақтары орнығып, халық саны көбейе түсті. Жаңақұрылыстағы инфрақұрылым мәселесі өз алдына, Жұлдыз тұрғын алабы тұрғындары осы уақытқа дейін сапалы жол мен кәріз, қоғамдық көліктің қиындығын тартып келген еді. Мұнда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылмаған болатын. Көптен бергі күрмеулі мәселенің шешімі табылып, былтырғы жылы кәріз құбырының құрылысы басталған-тын. Ал қазіргі уақытта магистралды құбырға көп қабатты тұрғын үйлерді қосу бойынша абоненттеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ кәріз құбыры тартылған Асубұлақ көшесіне асфальт қабаты төселіп, аяқ жол салынды. –Аудан аумағындағы Жұлдыз тұрғын алабының Асубұлақ көшесіне Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен «Азия комплекс строй» ЖШС-і асфальт қабатын төсеу және аяқ жол салу жұмыстарын жүргізді. Тұрғын алапта орналасқан 27 көпқабатты үйге өткен жылы орталықтандырылған кәріз құбыры тартылды. Сонымен қатар, аталған елді мекенге қатынайтын №191 бағыттағы автобустың шағын болуына байланысты тұрғындар тарапынан жиі шағым түсті. Тұрғындардың өтінішін ескере отырып, 1 қыркүйектен бастап шағын автобустар үлкеніне ауыстырылды, – деді аудан әкімі Досбол Күздікбайұлы. Мұнан кейінгі мәселе – сапалы электр қуаты болатын. Жаңақұрылыс және «Жалын» тұрғындары жеке кәсіпкердің трансформаторынан қуат көзін пайдаланып, екі еселенген коммуналдық тарифпен ақы төлейтін. Бүгінде 2021-2022 жылдары бюджет есебінен Қарабастау тұрғын алабының жаңақұрылысында 750 абонентке сапалы электр желісімен қамту жұмыстары жүргізілсе, «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің инвестициялық бағдарламасы аясында 775 абонентке электр желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қарабастау тұрғын алабындағы жаңақұрылыс аумағында орналасқан 120 жер телімін электр желісімен 2024 жылы «ОңтүстікЖарықТранзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық бағдарламасы аясында қамту жоспарлануда.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin