Қала прокуратурасы салық заңнамасының сақталуы және «көлеңкелі» экономикаға қарсы тұрудың заңдылығы бойынша тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде жазықсыз компаниялар 6,4 миллиард теңгеден астам сомаға нақты жұмыстарды орындамай, жалған шот-фактура беру фактілері анықталды. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 216-бабы 3-бөлігінің 3)тармағымен (Іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей шот-фактура жазу бойынша әрекеттер жасау) қылмыстық іс қозғалып, Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Сонымен қатар мемлекетке келтірілген залалды өндіру мақсатында сотқа 4 талап арыз берілді, олар қаралу сатысында. Прокуратураның қадағалау актісінің қаралу нәтижесінде 17 лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда. Қазақстан 2025 жылға қарай «көлеңкелі экономиканың» үлесін 15 пайызға дейін төмендетуге ниетті. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген болатын. Ал «көлеңкелі экономиканы» тежеудің бір жолы – тауарларды таңбалау. «Көлеңкелі экономика» бюджеттің салықтық түсімдерден қағылуы ғана емес. Бұл – отандық өнеркәсіпке, халықтың денсаулығына, қоршаған ортаға тікелей төнген қауіп. Ел билігінің бұған ерекше назар аударып отырғаны да сондықтан. Президенттің Қаржылық мониторинг агенттігін құру туралы қадамға баруының астарында да дәл осындай маңызды міндет жатыр. Өткен аптада ғана жаңа агенттіктің басшысы Жанат Элимановты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты күшейтуді, бұл ретте бизнесін адал істеп отырған кәсіпкерлердің мүддесін қорғауды және олардың жұмысына жөнсіз араласуға жол бермеуді тапсырды. Қазақстан «көлеңкелі экономикамен» күрестің бір жолы ретінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында тауарларды таңбалауды бастады. Алдымен тері бұйымдарын таңбалау бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылғаны белгілі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов былтыр өткен жиындардың бірінде пилоттық жоба саладағы бірқатар заңбұзушылықтардың бетін ашып бергенін жеткізді.Мәселен, тері бұйымдарын міндетті таңбалау кезінде қызметін патент негізінде жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есе қысқарған. Соның нәтижесінде, 2024 жылы тауарларға арналған декларацияны рәсімдеген импорттаушылардың саны 30 пайызға артты. Кедендік баждар мен салықтық түсімдердің үлесі 40 пайызға көбейді. Аталған қызмет бойынша ішкі салықтық түсімдер 1,5 есе ұлғайды. Демек, жоба тиімділігін көрсетті
Jsk ақпараттық агенттігі