• 28 ноября, 2024 6:29 дп

Шымкент қаласының шалғай елді мекендерін су, газ, электр қуатымен қамтамасыз ету шаралары басты назарда

Автор:admin

Окт 15, 2023

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданында 404 көшенің 103-і толық жарықпен қамтылса, 301 көше жарықтандыруды қажет етеді. Биылдың өзінде ауданда 22 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев қала әкімдігінің @akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфирде атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді. Бүгінде ауданның шалғай елді мекендері саналатын Ақтас,195 және 276 орамдарда инфрақұрылым мәселесі ретімен шешімін тауып келеді. Мәселен, 195 орам және Ақтас-2 шағынауданында жалпы 5,2 шақырым жолға шағал тас төсеу қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 195 орамда 5 көше, Ақтас-2 шағын ауданында 4 көше жөнделуде. Сондай-ақ, 195 орамда газ құбырларын тарту жұмыстары қатар атқарылуда. Ал ауыз су және жарықтандыру мәселелері толық шешімін тапқан. Аудан әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы Әл-Фараби ауданындағы 7 көшеге жол жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жоспарға сәйкес «Сәуле» шағынаудандағы 2 көшеде және орталық аумақтағы 3 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, «Түркістан» көшесінен А-2 жолына дейін, Д.Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары және Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелеріндегі қиылысқа айналма жол салу жұмыстары қолға алынған. Ақтас-2 және 276 орамда ауыз су құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоспарға сейкес Ақтас-2 шағынауданындағы ауыз су құрылысы 2021 жылдың қарашасында аяқталуы тиіс. Ал осы жылдың маусым айында басталған 276-шы орамдағы ауыз су құрылысы келесі жылға өтпелі. Аталған жұмыстар аяқталса 276 орамда 260 үй, ал Ақтас-2 шағынауданында 45 үй сапалы ауыз сумен қамтылмақ. Аудан әкімі тікелей эфир барысында тұрғындардың инфрақұрылым және әлеуметтік салалар бойынша сауалдарына жауап берді. Шымкент қаласын 2023 жылға дейінгі кешенді дамыту жоспарына сәйкес Қайнарбұлақ елдімекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылысы қарқынды жүруде. Жоба құны – 2,195 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта мердігер мекеме «Turan Energo Group» тарапынан электр бағаналарын орнату жұмыстары атқарылып жатыр. Электр тарату станциясы пайдалануға берілсе, 10 елді мекендегі 250 мыңға жуық халық сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы Шымкентте электр жарығымен қамтамасыз ету бойынша өткен жылы 13 елді мекенде құрылыс жұмыстары аяқталып 23,5 мың адам сапалы электр қуатымен қамтылды. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 93%-дан, 95%-ға өсті.

 

Jsk ақпарат

Автор: admin