• 27 ноября, 2024 12:39 дп

ШЫМКЕНТ: ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫН ТЕКСЕРДІ

Автор:admin

Авг 4, 2022

Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізу шаралары мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша тиімді ақпараттар кеңістігі құрылып келеді. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов қаладағы жеке инвестор есебінен салынып жатқан тұрғын үй кешендерін аралады. Атап айтқанда «Отау сити», «Медина», «Тенгри» тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңында болды. Бүгінде мұнда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нұрсат және Қошқар ата аумағында орналасқан бұл тұрғын үйлердің алаңы 124 857 шаршы метрді құрайды. Пәтерлер 2022-2023 жылдары пайдалануға беріледі. Қала әкімі үйлердің заманауи дизайнда, тұрғындарға қауіпсіз әрі қолайлы болуына аса мән берілуін атап өтті. Шымкент қаласында бүгінде тұрғын үй кезегінде 42 269 адам тіркелген. Соңғы үш жылда кезекте тұрған адам саны 10 389-ға артты. Тұрғын үй кезегіне тұрудың өз талаптары мен шарттары бар. Кезекке тұруға ниетті азаматтар белгіленген санаттардың біріне ену қажет. Соңғы 3 жыл көлемінде Шымкент қаласында тіркелген болуы, соңғы 5 жыл көлемінде атында тұрғын үй тіркелмеуі шарт.  Қорытындысы бойынша қалада арендалық негізде 1596 пәтер берілді. Биыл жоспар бойынша арендалық негізде 976 пәтер тапсырылады (көпбалалы отбасыларға – 378, халықтың әлеуметтік әлсіз тобына – 238, жұмыс істейтін жастарға – 300, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға — 60). 2021 жылы «Жастар» бағдарламасы бойынша 3648 өтінім келіп түскен. 300 пәтерді «Жаңа Тұрлан», «Тұран», «Асар 2» шағынаудандарынан беру жоспарланған. «Нұрлы жер»бағдарламасының кредиттік бағыты бойынша өткен жылы 2614 пәтер берілді. Соңғы үш жылда 3764 отбасы пәтер кілтін иеленген.  Осы жыл жоспар бойынша кредиттік негізде 2186 пәтер беру жоспарда: 350 пәтер  – «2-10-20» («Бақытты отбасы»), 1728 пәтер – «5-10-20» («Шаңырақ» пилоттық бағдарламасы) және 108 пәтер – «7-20-25» бағдарламасы.

– Халыққа қолжетімділікті арттыру және тұрғын үй беру саласында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында әкімдік тарапынан қызметтерді автоматтандыру жұмыстары басты назарға алынып отыр. Тұрғын үй беру жолдарын халық арасында кеңінен насихаттау үшін медиа жоспар бекітіледі. Бүгінде тұрғын үй кезегін E-gov порталынан және тұрғын үй басқармасында ашылған өзіне өзі қызмет көрсету бұрышынан білуге болады. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтарында осындай қызмет бұрыштарын ашуды тапсырдым, – деді қала әкімі.

Jsk ақпарат

Автор: admin