Шырайлы шаһар тұрғындарының қаржылық сауаттылығы қаншалықты деңгейде? Жалпы қала тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында Jsk.kz ақпараттық агенттігінің журналисті осы ақпаратты дайындап арнайы қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған ақпараттық материалдарды апта сайын ұсынатын боламыз.
Таяуда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын қабылдады. Бұл тұжырымдама 2024 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Үкімет пен Ұлттық банк осы жолы тұжырымдаманы дайындауға үлкен дайындықпен келгені байқалады. Қабылданғанға дейін тәуелсіз сарапшылар кеңесінің талқылауынан өтті, пысықталды, сырт көздің пікірі де ескерілді. Сөйтіп, мемлекеттің қаржы нарығының дамуы халықтың қаржылық сауатына тәуелді болып тұрғаны бұл жолы да мемлекеттік деңгейде мойындалды. Жаңа тұжырымдама бойынша кез келген қаржы ұйымдарымен мәміледе ең алдымен қаржылық сауаттылыққа басымдық берілмек. Себебі халық құқын білмесе, оны алдап-арбаудың миллион түрлі тәсілі бар екені сезіліп қалды. Бұл бағытты сарапшылар банк пен салымшының байланысын, тіпті несие алу мен қайтару мәдениетін жүйелендіреді деп үміттеніп отыр. Халық пен банк арасындағы тоң болып қатып қалған сенімсіздік синдромын да жаңа тұжырымдама жібітеді деген үміт бар. Басқаша айтқанда қоғамның қаржылық сауаттылығының деңгейі көтерілсе, мемлекет екінші деңгейлі банктердің бетін халыққа қарап бұруға бекініп отыр. Бүгінде қарапайым халықтың қаржылық сауаты кемшін. Бұл фактор күнкөрістен артылған қаржысы қор жинауға мүмкіндік беретін әрбір үшінші отандасымызға ақшасын сандықта сақтауға мәжбүрледі. Басқаша айтқанда, жиған-тергенім құнсызданып кетеді деген қорқыныш халықтың санасынан әлі сейіле қойған жоқ. Халықтың қаржылық сауаты сын тезіне түсіп тұрғанын Ұлттық банк те, қаржы ұйымдары да осыған дейін талай рет ескерткен. Оған «пирамидалардың» көптігінен қаржы нарығының белі қайысып тұрғаны себеп болған. Алданған салымшыларды құтқарып алуға мемлекеттің құзыреті жетпейтінін, қолынан келері оларды жауып, соттап, елден аластатумен шектелететінін түсінетін кез жетті. Ішкі нарықта жүрген алаяқ ұйымдардың түбін тексерсең, батыс елдерінен шығатыны белгілі. Қылмысы дәлелденсе де, олар өз елінің заңымен сотталады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі А.Тереньтев «пирамидалар» жауапкершілігі шектеулі кооперативтік ұйым ретінде әртүрлі коммерциялық және инвестициялық жобаларымен елдің алдына шығатынын, олар 1990-2000 жылдардағы қаржы пирамидасымен салыстырғанда заманға бейімделіп алғанын айтады. «Салым түрінде қаражат тарту немесе қаржы құралдарына инвестициялар салу – екінші деңгейдегі банктер, ұлттық пошта операторы және бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары жүзеге асыратын лицензияланған қызметке жатады. Агенттік лицензияланған ұйымдар туралы ақпарат агенттіктің интернет-ресурсында бар», дейді ол.
Jsk ақпарат