• 23 сентября, 2024 4:31 пп

Шымкент: «Shymkenт City» аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылды!

Автор:admin

Июн 1, 2023

Бүгінде елімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасты. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Бүгінде елімізде жұмыс істеуге ниетті шетелдік инвесторлар қатары артып келеді. Соңғы 30 жылда Қазақстанға әлемнің 120-дан астам елінен 370 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылған. Олардың басым бөлігі Еуропа елдеріне, АҚШ-қа тиесілі. Өткен жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша, елімізде шетел капиталының қатысуымен 45 800-ден астам компания тіркелген. Олардың саны 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға артып отыр. Содан да болар, елімізге тартылған инвестиция көлемі де өскен. Мысалы, 2022 жылдың тоғыз айында Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемі шамамен 22,1 млрд долларды құрады, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға көп. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2022 жылы ТШИ-дің жалпы көлемі 27 миллиард долларға бағаланған. Қазіргі таңда жалпы құны 30 триллион теңге болатын 850 инвестициялық жобадан тұратын республикалық пулмен жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты  Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бүгін Shymkenт City шағын ауданында болып, мұнда жаңадан салынатын инвестициялық саябақ құрылысының жобасымен танысты. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағын ауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде. Бұған дейін «Shymkenт City» аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған.  Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде.  Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады.  Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Jsk ақпарат

Автор: admin