• 24 ноября, 2024 1:16 пп

Қазақ ономастикасының түрлері қандай болған?

Автор:admin

Авг 12, 2022

 

XX ғасырдың 30-жылдары ономастика ғылым ретінде дәрежеге ие болды. 1930 жылы Альбер Дозаның нұсқауы бойынша әр елде жыл сайын екі рет өтетін І-ші Халықаралық ономастикалық конгресс Францияда шақырылды. 1949 жылы Бельгияда 1950 жылдан ономастика бойынша библиография жасайтын «Онома» журналын шығарушы ЮНЕСКО шеңберіндегі Халықаралық ономастикалық комитет құрылды. Ғылыми пән ретінде құрылғанға дейін ономастика үш кезеңді басынан өткізді:
— ғылымға дейінгі (XIX ғ. дейін);
— ономастиканың ғылым ретінде қалыптасуы алдындағы кезең (ХІХ-ХХ ғ.ғ. басы);
— ғылыми кезең (XX ғасырдың 30-жылдарынан қазірге дейінгі уақыт).
Г.Б.Мәдиева қазақ ономастикасының қалыптасуы мен дамуының үш кезеңін шартты түрде былай сипаттайды:
— бірінші кезең — 1949-1970-ші жылдар. Бұл кезеңде қазақстандық ономастикалық мектеп қалыптасты; қазақ топонимдері мен антропонимдері зерттелді, олардың этимологиясы, құрылымдық және лексика-семантикалық топтары анықталды; топонимиялық жүйенің стратиграфиясы айқындалды; географиялық терминдердің топонимдер жасаудағы орны мен рөлі анықталып, зерттелді;
— екінші кезең — 1970-1995 жылдар арасы. Бұл кезеңде аймақтық, топонимиялық зерттеулер дами түсті; ономастикалық теорияларға назар аударылды; топонимдер мен антрононимдер этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады; ономастикалық зерттеулердің ауқымы кеңейді — космонимдер, зоонимдер, Қазақстан территориясындағы орыс топонимдері зерттелді; топонимиялық және антропонимиялық атауыштық уәждер анықталды; түркі-моңғол топонимиялық сәйкестіктері зерттелді; ономастикалық қолданбалы аспектілер қарастырыла басталды, транскрипция мен транслитерация негіздері жетіле түсті, жалқы есімдерді стандарттау мәселелері қарастырылды, ономастикалық сөздіктер жасалды;
— үшінші кезең — 1995 жылдан күні бүгінге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде аймақтық топонимиялық зерттеулер өз жалғасын тапты; ономастикалық (топонимиялық, антропонимиялық) сөздіктер жасалды; топонимдер мен антропонимдердің салғастырмалы зерттеулері даму үстінде; ономастикалық зерттеулердің нысандары эргоним, идеоним, мифонимдер болуда; жалқы есімдерді зерттеуде жаңа әдістер мен бағыттар қолданыла бастады.
Қазақ ономастикасының даму барысындағы үш кезеңге де тән ономастикалық зерттеулердің басты ерекшеліктері төмендегідей: 1) негізінен антропонимдер мен топонимдер зерттелген; 2) антропонимдер мен топонимдердің этимологиясы, стратиграфиясы, құрылымдық-сөзжасамдық лексика-семантикалық топтары қарастырылған; 3) Қазақстанның көптеген аймағы топонимиялық зерттеулермен қамтылды; 4) тоқсаныншы жылдардан кейін аймақтық топонимия лексика-семантикалық, морфологиялық бағыттармен қатар, этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады.

Jsk ақпарат

Автор: admin