• 31 октября, 2024 1:34 дп

Егер біз қазір ештеңе жасамай жүре берсек, тіліміздің жай-күйі ертең не боларын дәл аңғармасақ та, төмендегідей сөйлемдер көбейе түсетініне көзіміз жетеді. Мысалы, «Институттағы физика-математика факультетінің студенттері онлайн-семинарға қатысты» деген сөйлемдегі өз сөзіміз бен өзгенің сөзін салыстырсақ, болашақтағы сөзіміз қалай боларына күдікпен қарар едік. Біздің тілімізді мұқатқысы  келгендер де дәл осындай сөйлемдерді тауып алып, «көзге шұқып» жүргендері де рас.  Бірақ қазақ тілінің бай сөздік қоры мен оның кез-келген нәзік ирімдерді де дәл жеткізе алатын оралымдылығы мен мүмкіндігі мол екендігін қазақ тілді оқырманға дәлелдеп жатудың қажеті бола қоймас, дегенмен сөйлемдеріміз дәл жоғарыда  айтылған мысалдағыдай дәрежеге жете қоймаса да, тіліміздің болашағын ойламай жүре беруге де болмайтындығын көрсетеді.  Қазақ графикасы мен орфографиясының фонологиялық негіздері жөнінде зерттеу жүргізген ғалым Н.Уәлиев айтылған сөзді арнайы таңбалармен жазу мәселесін дыбыс – фонема – графема — әріп байланыстары арқылы түсіндіріп, инвариант – вариант тұрғысынан талдайды. Сондықтан  латын әліпбиіне көшу жұмыстарында дыбыс – фонема – графема — әріп байланыстарын  терең түсінетін ғалымдар Ә.Жүнісбек, Н.Уәли, Қ.Күдеринова сияқты  т.б. фонолог  мамандардың  сөзіне құлақ қойған  жөн деп білеміз. Латын графикасына (таңбасы) негіздерген қазақ әліпбиін жасау ісінде тіліміз дыбыс жүйесіндегі төл дыбыстар мен өзге тілден енген кірме дыбыстарды жеке-жеке қарастырып, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен жазу барысында туындайтын әр түрлі заңдылықтары ескерілуі тиіс. Сондықтан Әліпби жобасын жасау ісінде латын графикасын қазақ әліпбиіне икемдеу бағытында өзінің салмақты ойлары мен ғылыми маңызды зерттеулерін көп талқысына ұсынып жүрген білікті ғалым Әлімхан Жүнісбек еңбектерінің маңызы зор  деп білеміз. Қазіргі таңда Ә.Жүнісбек бастаған ғалымдар қазақ тілі дыбыс жүйесіндегі 28 фонеманы (9 дауысты, 19 дауыссыз) латын графикасымен таңбалап, жаңа қазақ әліпбиін дайындап отыр. Бұған қоса, кірме сөздерді таңбалау үшін «в», «ф», «һ» әріптері де әліпбиге алынуы мүмкін. Себебі бұл әріптер 1938 жылы әліпбиімізге енгізгелі қазақ тілінде әбден орнығып, біздің еркімізден тыс 80 жылға жуық уақыт қазіргі сөйлеу тіліміздегі болып жатқан үдерістерді таңбалап жүр деген көзқарас бар. Сөйтіп, ғалымдар шамамен 31-32 әріптен тұратын әліпби жасауды нысана етіп отырған сияқты. Бұл бұрынғы 42 әріптің қысқарып, шамамен 10 таңбасы алынып тасталынатынан көрсетеді. Мысалы, бұрынғы әліпбиде «ащы», «тұщы» және өзге тілден келген «щетка», «щи» деген санаулы сөзді таңбалау үшін арнайы «щ» әрпі алынған болса, енді осындай әріптердің қысқаруы нәтижесінде кірме әріптерге қатысты 30-40 басы артық ереже өзінен өзі жойылып кетеді екен. Сондықтан  қазір Ә.Жүнісбек, Н.Уәли сияқты ғалымдар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіріп қана қоймай, бұл  жұмысты одан әрі  қазақ жазуын реформалау (қайта қарастыру) ісімен байланыстыру қажеттігін айтып отыр.  Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері  графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатаны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлде қайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әр түрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші т.б), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр.  Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) да сай болуы керек. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп,  халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс  деп білеміз.  Жазу — әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды. Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді Қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі Қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін осы биіктерге бастайтынына кәміл сенеміз.

Jsk ақпарат

Автор: admin