• 25 ноября, 2024 5:42 пп

«Қаржылық сауаттылығы жоғары адам» болу үшін не істеу керек? Осы мақсатта қандай күнделікті әдеттер мен дағдыларды қалыптастыру маңызды?

Автор:admin

Апр 11, 2024

Бүгінгі нарықтық қоғамда қаржылық және құқықтық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Оның әрбірі тиімді шешім қабылдай алу мен мұқияттылықты талап етеді. Әрі жалпы экономиканың өзі азаматтардың қаржылай сауаттылығына байланысты. Осы мәселе төңірегінде экономист Құралай Сакибаевамен арнайы тілдескен болатынбыз. Нақты қадамдарды атар болсақ, алғашқы қадамы – дұрыс талдау, отбасылық бюджетті құру. Қарапайым қағазға жазсаң да, ұялы телефонға тіркесең де, әйтеуір жүйелі есеп жасау қажеттігін жаңа да айтып өттім. Келесі, қаржылық мақсат қойып, ұмтылу. Яғни жинақты жоспарлы, мақсатты түрде жүргізудің тиімділігі туралы сөз болып отыр. Мысалы, саяхатқа шығам деп несие алып, жолға шығып кеткеннен гөрі алдын ала жоспарлап, қанша керек, қолда қаншасы бар, бағасы қазір алсам қандай, үш айдан кейін алсам ше, алты айдан кейін ше деп талдау жасау керек. Ойланып, шешім қабылдап, осы соманы жинау үшін қанша уақыт, неше теңгеден қалдырып отыратыныңызды анықтап аласыз. Кез келген ауқымды сатып алулар үшін осы әдісті қолданған жөн. Одан соң, әрине, қауіпсіздік қоры. Рас, барлық күнделікті шығындардан бөлек қор жинау көпшілігімізге қиындау. Соған қарамастан, артық шығындарды қысқартып, алғашқыда 5 пайыз, кейіннен 10, 20 пайыздан қауіпсіздік қорына салып отырыңыз. Жалпы, жинақ жоқ дегенде жалақының алты айлық мөлшерінде болады. Ешкім жазатайымнан, басқа да оқыс оқиғалар мен жоспардан тыс дүниелерден сақтандырылмаған. Денсаулығыңыз жарамай, жұмыстан шығып қалсаңыз, қандай да бір жағдайлар болса алты ай бойы күн көре алатындай қор дайын тұру керек. Мәселен, айлығыңыз 300 мың теңге болса, сіздің қауіпсіздік қорыңыздың мақсатты көлемі 1 миллион 800 мың теңгеге тең. Бұл қаражат қандай жағдай болса да жұмсалмай, қолда тұруы қажет.

 

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin