• 25 ноября, 2024 6:56 дп

Қаржылық сауаттылық: табысты арттыру мақсатындағы сарапшы кеңестері

Автор:admin

Апр 15, 2024

Экономист маман үкімет табысымды арттыруы керек деп отырмай, әр азамат өз табысын арттыруға жұмыстану керегін айтып, бірқатар кеңес айтып өтті. Оның пікірінше, бір жылда адамның табысы жоқ дегенде 20%-ға өсуі керек, яғни 20%-ға арттыруды мақсат етуі қажет. Кейін ми не істеуге болатынын ойлап, жан-жақтан мүмкіндіктерді қарастыра бастайды. Мәселен, «табысты арттыру үшін қандай қабілеттерді шыңдау керек?» деген секілді жолдарын іздей бастайды. Шығынды есептеу. Оның пікірінше, табысты арттыруды ойламастан бұрын, шығынды есептеген дұрыс. Егер шығындарыңызды есептемесеңіз, табысыңыздың артқаннан да пайда болмай қалуы мүмкін. Табыс артады да, шығындарыңыз да ұлғая береді. Сондықтан да шығындарды реттей білу қаржылық сауаттылықтың негізі деп айтуға болады. «Шығындарыңызды басқара алсаңыз, өзіңізді қаржылық жағынан сауаттымын деп есептесеңіз болады. Шығындарды біраз категорияға бөлу керек. Мәселен, ең үлкен шығынды азық-түлік шығындары құрайды. Сол себепті азық-түлік шығындарын реттеу керек. Оны реттеу барысында бірқатар кеңесті ескерген дұрыс. Мысалы, дүкенге барған кезде аш бармаңыз, өйткені қарныңыз ашып тұрғанда сіз артық нәрселерді алып қоясыз. Сондай-ақ алдын ала арнайы тізім жасап, сол жерде көрсетілген заттарды ғана алу керек. Әйтпесе аралап жүріп, бәрі керек сияқты көрінеді де, көп дүниені сатып алып қоямыз. Бұл шығындарды көбейтеді. Бұдан бөлек, көп шығын қайда жұмсалатынын зерттеу керек. Транспорт, азық-түлік, тойға беретін, коммуналды қызметтер, балаларыңыздың курстары секілді шығындарды жүйелеп, бөлген дұрыс. Кейін оны міндетті түрде жазып отыру керек. Қаржының қайда кеткенін үнемі жазып отырсаңыз, бір-екі айда қайда жұмсалатыны белгілі болады», — деп түсіндіреді сарапшы мамандар. Жоспар құру. Сонымен қоса міндетті түрде жоспар құрылуы керек,-дейді ол. «Мәселен, үй алатын болсаңыз, оған жинайтын қаржыны жоспарға қосу керек. Сондықтан алдымен басымдықтарды анықтап, өзіңізге не керегін білген жөн»,-деп атап өтті. Табыстың 10%-ын жинаққа қосу. «Табысыңыздың 10%-ын жинақ ретінде бөліп отыруды әдетке айналдырған жөн. Яғни депозит ашып, соған аударып отыру. Тек айлығыңыздың 10%-ын ғана емес, үйге келген барлық табыс көзінің 10%-ын аударып отыру керек. Ол мәселен, көрімдік, қосымша жұмыстың қаржысы немесе бонус болуы да мүмкін. Бұл отбасында қауіпсіздік қорының құрылуына септігін тигізеді. Аяқасты бір жағдай бола қалған кезде, осы қор сізге көмекке келеді. Депозитке тұрақты салып отырсаңыз, жыл соңында берілетін сіз салған соманың 10%-ы инфляциядан сізді қорғап қалады».

Jsk ақпараттық орталығы

Автор: admin