• 10 ноября, 2024 4:13 дп

Қаржы саласы: өз қаржыңызды дұрыс жұмсаңыз!

Автор:admin

Авг 23, 2024

Жалпы қаржылық сауаттылық күтпеген жағдайларда өзін және отбасын қаржылық қамтамасыз ету,  өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет. Бұл біздің әрқайсымыз үшін маңызды. Адамдар қаржыға қатысты ақылға қонымды шешімдер қабылдамаған кезде, тұтынушылық және ипотекалық несиелер бойынша берешектер ұлғаяды, алаяқтар көбейеді, қылмыс деңгейі өседі, экономикалық тұрақтылық құлдырайды, ал адамдар табысты арттыру үшін заңсыз кәсіптермен айналысады, күмәнді құралдарды пайдалану арқылы банктік қаржыны шешуге тырысады.  Соңында мұның барлығының залалы бірінші кезекте мемлекетке тиеді. Онымен күресу мақсатында қаржылық сауаттылықты арттыру үшін, «AMANAT» партиясы Halyk Bank-пен бірге «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосып, меморандумға отырды. Жоба шеңберінде ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер оқыту курстарынан өтпек. Halyk Bank-тың Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, елімізде халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру жұмысы қолға алынды. Halyk елдегі жетекші банк ретінде мұндай маңызды бастамадан тыс қала алмайды. Сондықтан, банк жобаны қаржыландырып қана қоймай, оқыту бағдарламасына қатысуға дайын. Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді деп күтілуде. Олар несиелік қарыздардың санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді анықтауды білетін болады. Бұл жоба туралы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында ерекше тоқталып, Үкіметке оның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Мақсаты – қаржылық сауаттылықты арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігін үйрету. Ақпарат көздеріндегі соңғы мәліметтер бойынша, алты жарым миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Бір жарым миллионға жуығы микроқаржы ұйымдарынан несие алған көрінеді. Бұл әрине, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттыратыны сөзсіз. Сондықтан халықтың қарыз мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Бұл ретте халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды. Өйткені, ол – заман талабы.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin