• 28 ноября, 2024 4:51 пп

ҚҰРЫЛТАЙ ЕЛДІГІМІЗДІҢ ТАҒЫ БІР ӨРІСТІ ЖОЛЫН САРАЛАП, АЙҚЫНДАП БЕРДІ

Автор:admin

Авг 2, 2023

Түркістанда өткен ІІ Ұлттық құрылтайда көптеген мәселе қозғалды, соның ішінде елдің рухани ахуалы жайында кең түрде айтылды. Әсіресе, Мемлекет басшысының әдебиет пен кино, тәрбие мен ұлттық бірлік жайында айтқан түйінді ойлары зиялы қауымның көңілінен шықты деуге болады. Сондықтан олар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасында айтылған жайларға өз пікірлерін білдіріп, ой қосып жатыр. Газетіміздің өткен санында бірнеше ақын-жазушылардың қолдауын жариялап едік, бұл жолы да бірнеше белгілі қаламгерлердің пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Түркістан қаласында өткен ІІ Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген мәселені көтерді. Соның ішінде әдебиеттің қамы, руханияттың үлкен ұстыны – жазушылықтың қоғамдағы рөлі, мәні туралы айтқан сөздері аса бір ұнасымды, көңілге қонатын бағыт болды. Осыдан отыз шақты жыл бұрын егемендігіміздің алғашқы кезеңінде еліміздің бұрынғы басшысы бір әбестеу сөз айтқаны есте. Жазушылар өз күнін өзі көрсін дегені бар. Ол тапқырлықпен айталған сияқты болғанымен төбеден түскендей, халықты да, қаламгерлерді де есеңгіретін кеткендей жағдай болды. Әрине, қаламгерлердің арасында бұл қалай деген аңтарылыс болғанымен, оның жөн еместігін батылы жетіп, өзіне тіке айтуға ешкімнің батылы жете қойған жоқ. Осы кезге дейін жазушы кімнің мойнына мініп келген масыл еді, соншама шет қағатындай кімнің ырысын, несібесін жеп келіп еді деген сұрақ көкейде тұрды, алайда ол кезде ондай сауалды ол адамға қоюдың өзі мүмкін емес еді. Әрине, ол көңілден кетпестей дық, көкейде қалған көлеңкелі жағдай еді. Түптеп келгенде сөз қадірін білген, сөзге тоқтаған, сөзбен өмірдің көптеген түйткілді мәселесін шешкен ұлтымыздың бірегей қасиетіне көлеңкесін түсірді. Шынын айтсақ, содан бастап сөздің қадірі кетті. Оны салыстыра отырып білуге болады ғой, бұрын үлкен мекемелерге қатысты сын айтқан, газет бетінде ескерту білдірген қаламгерлерге министрліктерден жергілікті әкімшіліктерге дейін әбігерге түсіп жауап беріп, олқылықтарды жіберген басшылар жауапкершілікке тартылып, қоғамдық резонанс туғызып жататын. Қай заманда да, қай қоғамда да қадірі бар жөн сөздің қоғамдағы, қазақ арасындағы үстемдігі болатын. Ал әлгіндегі жағдайдан кейін сөздің құны кетіп, қоғамда азғындау басталды. Сөзге тұрмау, аталы сөзді сыйламау рухымызды бұзды. Міне, сондай кезеңнен де өттік, бірақ сондай қиын кезеңде күн көру үшін кей ақын-жазушылар жазуды жинап қойып асабалық жасады, небір мықты қаламгерлер қалталылардың өмірбаянын кітап қылып жазып, таланттары көмескі тартты. Қоғамдағы моральды есепке алсақ, шаш ал десе бас алатын кейбір бюрократтар, шолтаңбай басшылар қалам ұстағандарды мазаққа айналдырып, елемеуге, ескермеуге тырысып, берекесін кетірді. Сендер кімсіңдер дейтін жағдайға жетті. Ұлт руханиятының ұстыны секілді сөз өнерін құлдырату, қаламгерлерді мұқату оларға ләззат бергендей болды. Сол зиянды инерция осы күнге дейін жалғасып келе жатыр. Шынтуайтына келгенде, жазушы − халықтың асыл қазынасын байытушы, сөз қасиетін ұстаушы. Маңдайымызға ұстап жүретін жауынгер тобымыз. Біздің моральдік азғындауымыздың, жастар тәрбиесінің кері кетуінің бәрінде сөз қадірінің, руханият майданында ту ұстаушылардың берекесінің кетуінің салқыны тиді. Әрине, өзге де факторлар бар болар, бірақ мен қаламгер ретінде осындай келеңсіздіктерді көп байқаймын, соған көп назар аударамын. Дегенмен қандай қиындықты бастан кешсе де шынайы талант, намысты қаламгерлердің ешбірі асаба немесе біреудің жазарманы болып кеткен жоқ, өздерінің өнерге деген адалдығын сақтап қалды. «Жазушы өз күнін өзі көрсін» деген керкеткен пікір үстем болып тұрған 30 жылдық дәуірдің өзінде поэзияда, прозада да, драматургияда да керемет үлгілер пайда болды, көштен қалып, өзгелерден терезесі төмен болған жоқ. Үлкен майдандағы ерліктей, нағыз қаламгерлер өз сертіне адал болып, шығармашылық жолын жалғастыра білді. Бізде сол кезең туралы шығармалар аз, проза ойлануда деген пікірдің астарында жоғарыда айтып кеткен жайлар жатыр. Бірақ Құдайға шүкір, онымен біз төмендеп қалғанымыз жоқ. Осылай өткен жағымызға тарихи экскурсия жасап ой айтуымызға кешегі Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз айтқан ұнамды ой-пікірлер себепші болып отыр. Ол көңілге жылы әсер қалдырып, сенім ұялатты. Әрине, қаламгерлердің қаламақысын көтеру, олардың лайықтыларына Халық жазушысы деген атақ беру немесе ел алдындағы моральдік бет-бейнесін көтеруді мәртебе тұту – ол жақсы нәрсе, соған біз пенде ретінде, қаламгер ретінде қуанамыз. Дегенмен осының астарлы, тамырлы жағына көз жүгіртсек, ол біздің руханиятымызға айтылған жақсы сөз дер едім. Өйткені осындай қолдаудың арқасында жазушылық өркендейді, қаламгерлерге қанат бітеді, ұмтылыс, талпыныс күшейеді. Осылар бар жерде халқыңның жеткен жетістігі мен кеткен кемшілігі, күнгейі мен көлеңкесі таразыға тартылады. Оны айтатын тек қана қаламгер, оның ішінде сөз өнерінің жауынгерлері. Кешегі құрылтай елдігіміздің тағы бір өрісті жолын саралап, айқындап айтып, таратып, талқылап, жолын ашып берді. Мен білерде, мұндайдан жазушының әлеуметтік, моральдік, рухани өрісі кеңейіп, жауапкершілігі күшейе түседі және соған сәйкес өз жемісін береді деп үміттенем, сенем.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin