• 21 ноября, 2024 12:29 пп

Құрылыс саласында 37 жыл қызмет жасаған!

Автор:admin

Авг 12, 2021

Әр мамандықтың қоғамда алатын өзіндік орны, мәртебесі бар. Сондай мәртебелі мамандықтардың бірі құрылысшы мамандығы екендігі баршамызға аян. Құрылыс — экономиканың негізгі діңгегі. Осы ауқымды саланы алға жылжытып, дамытуда өз үлесін қосып, мамандығына шынайы берілген жандар өте аз. Бүгінгі мақаламыз жылдарын жылжытып бір салаға бар ғұмырын арнаған құрылысшы Раймкулова Күлжамал әпкеміз жайында болмақ. Әпкеміз қазіргі заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде 37 жыл бойына үздіксіз қызмет етіп, өзгелерге үлгі-өнеге болып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай еңбек сіңіріп, зейнеткерлікке шыққалы отыр. Күлжамал Боранбайқызы 1961 жылы 10 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысы Төлеби ауданы Киелі-тас ауылдық округінде (бұрынғы Шымкент облысы Төлеби ауданы Киелі-тас ауылында) дүниеге келген. Әке жолын қуып, құрылысқа бет бұрған Күлжамал әпкеміздің әкесі Раймкулов Боранбай Раймқұлұлыда елге еңбегі сіңген құрылысшы маманы болған. Анасы Раймкулова Күләсан Байсалбекқызы Колхозда сауыншы болып еңбек етіп, соғыс кезінде тылда жұмыс жасап, тыл ардагері атанған. Күлжамал әпкеміздің еңбек жолы 1984 жылы Шымкент қаласының «Қаз денсаулық министрлігі РСУ» атты мекемеден басталған. Ең алғаш кейіпкерімізді құрылысқа баулып, ұстаздық етіп, саланың сырын үйреткен, өз мамандығының майталманы атанған Серікбаев Талап атты азамат болған.
«1996 жылы мен «ШНОС» атты мұнай өңдеу өңдеу заводының «Мастер Строй» ЖШС де құрылысшы болып жұмысқа тұрдым, мұнда мен Сагибаев Ринат, Лонщаков Г атты мастерлермен танысып, міне қазір сол кісілермен еңбек жолында келемін. Содан бері міне 37 жылдың жүзі өтіпті. Жастық шағымнан бірге жұмыс жасап жүрген серіктестерім Толик, Рома, Талғат, Жақсыбек, Сауле, Гүльжанмен бір ұжымда, бір нанды бөлісіп, еңбек еттім. Осы адал еңбектің арқасында шығар шүкір өсіп-өніп, зейнеткерлікке де шыққалы отырмын» деп Күлжамал әпкеміз ағынан жарылды.
Әпкеміз бүгінде елге сыйлы, достарының алдында абыройлы. Жан-жары Бахыт ағамызбен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, үш немере сүйіп отыр. Ия, құрметті оқырман біздің бүгінгі кейіпкеріміз бір мамандыққа бар ғұмырын арнап, өз ісіне мығым болып, біліктілігі мен шыдамдылығының арқасында зейнеткерлікке шыққалы отыр. Құрметті Күлжамал Боранбайқызы сізді және сізбен бірге еңбек етіп жүрген ұжымыңызды төл мерекелеріңіз Құрылысшылар күнімен құттықтаймыз! Зейнеттің бейнетін көріп, деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын деп тілейміз.

Jsk ақпарат

Автор: admin