• 22 ноября, 2024 2:22 пп

Үшінші мегаполисте 453 жас түлек «Алтын белгі» үміткері атанды

Автор:admin

Май 24, 2022

Мектептен түлеп ұшқалы отырған 11 сынып оқушыларын келешекте қандай мамандық иесі боламын деген сұрақ мазалайтыны анық. Мамандық таңдау кезеңінде тұрған шәкірттерге бағыт-бағдар берудің маңызы өте зор. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектерге кәсіби кеңес беру мақсатында еліміздегі жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушыларымен кездесу өтеді. Басты мақсат – талапкерге жоғары оқу орнын және болашақ мамандығын таңдауға көмектесу. Мамандығына сәйкес «Алтын белгі» атануда аса маңызға ие. Алтын белгіні қорғау және оған лайықты болу болашағыңа нық қадаммен басудан тұратыны баршамызға мәлім. Иә, «Алтын белгі» алған үміткерлерге жеңілдік тек қатарласпен тең ұпай алған жағдайда ғана беріледі. Мәселен, егер «Алтын белгі» иегері мен төрт-беске оқыған бала бірдей ұпай санын жинаса, онда мемлекеттік грант «Алтын белгі» иегеріне ғана тапсырылады. Дегенмен, ондай жағдайлар аз. Себебі «Алтын белгі» иегерлері өз дәрежесіне сай білімді көрсетуге тырысуы қажет. Шымкент қаласында биыл орта мектепті бітіріп жатқан 453 түлек «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр. Оның ішінде Ұлттық біріңғай тестілеуге 433-і қатысса, қалған 20 үміткер шетел жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Айта кетейік, үлгілі мінез-құлық танытқан және барлық пәндер мен қорытынды аттестаттаудан өте жақсы деген баға алған оқушыларға «Алтын белгі» аттестаты және «Алтын белгі» белгісі беріледі. Шымкент қаласындағы барлық орта мектептерде соңғы қоңырау іс-шарасы «Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты тақырыппен өтіп жатыр. Биыл мегаполис мектептерін 11 189 оқушы аяқтап отыр.  Тағы  19 251 оқушы 9 сыныпты тәмамдайды.  Оқу жылы 25 мамырда аяқталғанымен 9 және 11 сынып оқушылары 10 маусымға дейін қортынеды емтихандарын тапсырады. Ал, 11 сынып оқушылары 16 мамыр мен 5 шілде аралығында Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Соның ішінде мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін тестілеуге 8 200 бітіруші қатысады. Олардың әрқайсысына 2 реттен тест тапсыру мүмкіндігі берілмек.  Сонымен қатар 1-8 және 10 сынып оқушылары 26 мамыр мен 17 маусым аралығында жазғы мектепке ерікті түрде қатыса алады. Мұндай шара үлгерімі төмен оқушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қабылданып отыр. Алдын ала мәліметтер бойынша Шымкент қаласы бойынша жалпы 143 757 оқушы жазғы мектепте оқиды деп жоспарланып отыр.

Jsk ақпарат

Автор: admin