• 29 ноября, 2024 12:32 пп

Ұлттық құрылтайдың Түркістан облысы бойынша атқарып жатқан жұмыстары өте көп. Мемлекет басшысының биылғы жолдауында осы бағдарламаның жүзеге асырылуы басты назарда болғаны сөзсіз. Ата заңға өзгерістер енгізуге арналған референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысқан болатын. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын әлемдік бақылаушылар алдында көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты.   Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы Президентіміздің бастамасын қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор Қасым-Жомарт Кемелұлы алғысын білдерді. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Конституцияға енгізілген өзгерістермен бірге мемлекеттің саяси жүйесі өзгермек. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болады. Яғни, біз Екінші Республиканы құруға кірістік.  Алайда, кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі, әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар.   Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе. Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады.  Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, бұл, әрине, жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті, Президентіміз Жолдауында Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтерді. Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз  маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.   Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды.                  Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз. Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысын Ұлытауда өткізуге ұйғарым жасалды.  Ұлық ұлыстың бастауында тұрған Жошы хан кесенесінің іргесіне ақ шатыр орнаттық. Мұның зор символдық мәні бар. Елдің бірлігі, ұлттың тұтастығы дегеніміз – осы. Мен құрылтайға келер алдында тұтас елдің атынан ұлы Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалдым. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Бәріміз бабалардың аруағы қолдап, ісіміз оңынан болсын деп тілейміз.      Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлытау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер  дәл осында өткен.  Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қалған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Менің Жарлығыммен бұл өңірде жаңа облыс құрылғанын білесіздер. Қасиетті өлкенің атауын жаңғыртып, оны Ұлытау деп атадық. Дербес облыс мәртебесі осы аймақты тың серпінмен дамытуға мүмкіндік береді. Жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деп ойлаймын. Жаңа нысандар, солардың ішінде әлеуметтік кешендер бой көтереді, туристік әлеуеті артады. Облыстың алғашқы қадамы алқалы жиыннан басталуда. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты. Енді, Ұлттық Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыру мәселесіне тоқталсам. Оның құрамында ­­­117 адам бар. Құрылтайға барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдері қатысып отыр. Біз көпті көрген ел ағаларының ақыл-кеңесіне жүгінеміз. Белсенді азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесін ескереміз. Жаңаша ойлайтын жастардың тың идеяларын қолдаймыз.   Құрылтайға Парламент депутаттары, саяси партиялар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де шақырылды. Үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың өкілдері де шет қалған жоқ. Құрылтай құрамына өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелерін қостық. Мен Ұлттық құрылтай атына заты сай болып, ел үмітін ақтайды деп сенемін. Бізде түрлі пікірталас алаңдары бар. Бірақ, Құрылтайдың орны бір бөлек. Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бірақ, бұл жұмыстың сапасына кері әсер етпеуі керек. Отырыстарды мұқият ұйымдастыруымыз қажет. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Кез келген адамды Құрылтайға қатыстыруға болмайды. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек. Бұл ел бірлігін нығайтатын, қоғамды ұйыстыратын тың идеялар орталығы болатынына кәміл сенемін.   Құрметті қауым! Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мазмұнды болды деп айтуға болады. Халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылды. Тың ойлар ортаға салынды. Оларға көңіл аударамыз. Ұсыныстарды Құрылтайдың хатшылығы жинақтап, маған береді. Жазбаша пікірлеріңіз болса, жіберіңіздер. Құрылтай жұмысынан сырт қалған адамдардың ұсыныстарына да көңіл бөлеміз. Ой-пікірлердің ешқайсысы елеусіз қалмайды. Оның бәрін зерделеп, маңызды бастамаларды міндетті түрде бірге жүзеге асырамыз. Жалпы, жұмысты жүйелі, ұйымдасқан түрде жүргізуіміз керек. Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда басталғаны дұрыс болды. Киелі өлкеміз Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бірліктің символына айналды. Осы орайда, мен тағы бір маңызды бастама көтергім келеді. Бұл жерде барлық рулардың таңбасы тасқа жазылған. Сол арқылы бабаларымыз ұлт  бірлігін көрсеткен. Қаныш Сәтбаев «Еліміздің Ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қастерлі жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерткіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бірақ, бұл жеткіліксіз деп ойлаймын. Мұнда қазақтың бірлігін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың етегінде Мемлекеттік рәміздер алаңын ашуды тапсырамын. Қасиетті өңірде көк байрағымыз асқақтап тұруға тиіс. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығы жалғасып жатқанын көрсетеміз. Тамыры терең мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталғанын білдіреміз.    Референдум арқылы Ата заңымызға енгізілген түзетулер күшіне енді. Біз басқа да заңдарды Конституцияға сай өзгертуіміз қажет.  Халық шынайы жаңғыру болады деп күтіп отыр. Сол үшін референдумда бастамамызды қолдап, сенім мандатын берді.  Енді, конституциялық реформаны жедел әрі толық жүзеге асыруымыз керек. Қазірдің өзінде маңызды өзгерістер болып жатыр. Мен референдумға дейін партия қатарынан шықтым. 5 маусымнан кейін бұл шешім конституциялық нормаға айналды. Мемлекет басшысы барлық саяси күштерден дербес тұруы керек. Президенттің әрбір іс-әрекеті тек мемлекет мүддесіне арналуға тиіс. 8 маусымда үш жаңа облыс құрылды. Өңір басшылары Ата заңның жаңа талаптарына сәйкес тағайындалды. Мәслихат депутаттары дауыс беріп, әкімді  мен ұсынған азаматтардың ішінен таңдады. Конституциялық өзгерістер, осылайша, кезең-кезеңімен қолданыла бермек.   Жаңарған Конституция толыққанды қолданысқа енуі үшін әлі көп жұмыс істеуіміз керек. Біз 20-дан астам жаңа заң жобасын әзірлеп, қабылдауымыз қажет. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы және басқа да бірқатар заңдарды өзгертеміз.  Бұл елді табысты жаңғырту тұрғысынан өте маңызды. Заңдарды қабылдау үшін бірнеше ай, тіпті, жарты жыл уақыт қажет болуы мүмкін. Бірақ, реформаны созып, арқаны кеңге салуға болмайды. Жұрт нақты өзгерістердің қазір болғанын қалайды. Сондықтан, депутаттарымыз негізгі заң жобаларын осы кезден жинақтай беруі керек.  Сосын күзгі сессия басталғанда бірден іске кіріскен жөн. Басты заңдар жыл соңына дейін қабылдануға тиіс. Сонда ғана жан-жақты жаңғыруды жоғары қарқынмен жалғастыра аламыз. Жалпы, конституциялық реформа саяси жүйенің тепе-теңдігін орнықтырады. Осы іс-шаралар халқымыздың мемлекетті басқару ісіне қатысуына мол мүмкіндік береді. Бұл – өте дұрыс.  Мен мұны толық құптаймын. Себебі, сол арқылы жанашыр азаматтар ортақ іске жұмылады. Барлық шешімдер ел мүддесі тұрғысынан қабылданады. Билік пен қоғамның әріптестігі Әділетті Қазақстанды құру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс.  Осы орайда, референдум жаңа қоғамдық мәміленің негізін қалыптастырды. Біз ұлтты ұйыстыратын парасатты, тың идеялар мен ұсыныстарға айрықша мән беруіміз қажет.  Бұл – Ұлттық құрылтайдың ең басты міндеті. Сондықтан, мынадай бағыттарға назар аудару қажет деп ойлаймын.   Біз демократия дәстүрі жетілген, мықты азаматтық қоғам құрамыз. Бұл – стратегиялық бағытымыз. Осы бағдарды берік ұстануымыз керек. Соңғы үш жылда бұл салада біраз нәтижеге жеттік. Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді. Сол арқылы бірқатар озық идеялар ұсынылды. Митингілер туралы  демократиялық заң шықты. Партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілді. Қоғамдық кеңестердің жұмысы жандана түсті. Саяси жаңғыру бағдарламасы арқылы оң бастамалар лайықты жалғасын табары сөзсіз. Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту. Біз, ең алдымен, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға айрықша мән беруіміз қажет. Сонымен қатар, қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыруымыз керек. Халықтың болмысын және қоғамдық сананы жаңғыртпай, түбегейлі өзгеріс жасау мүмкін емес. Біз орнықты демократиялық институттар құрамыз десек, саяси жауапкершілік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отаншылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экстремизмге тосқауыл қоямыз. Демократия дегеніміз – керемет өмір туралы жалпылама ұғым, түсінік емес. Бұл – күнделікті тынымсыз еңбекті талап ететін өркениетті өмір салты.  Атаққұмарлар мен алаяқтардың жалаң ұраны мен құрғақ уәдесіне алданбау қажет. Еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді дау-дамаймен емес, ұтымды ой-пікірмен, парасатты пайыммен және саналы көзқараспен шешкеніміз абзал.  Біз «түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет. Бір-біріміздің ой-пікірімізді тыңдап, құрметтей білсек, алға қадам басамыз. Біз демократиялық реформа жасаймыз деп, мемлекетті әлсіретуге еш жол бермеуіміз керек. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда еліміздің ең басты құндылығы – егемендік екенін атап өттім. Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін  Қазақстанда саяси белсенділік күрт артты. Жаңа саяси партиялар және қозғалыстар құрылып жатыр. Қоғам белсенділері әлеуметтік желіде түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Шыны керек, кейде мүлде ақылға сыймайтын пайымдар да айтылады. Жұрт даулы мәселелерге наразылық білдіріп, көшеге шығатын болды. Заңды белден басатын азаматтар да жоқ емес.        Біртіндеп демократия жолына түсу кезінде мұндай жағдайлардың болуы – түсінікті. Бірақ, Заң талабы мүлтіксіз орындалуға тиіс екенін әрдайым есте ұстау қажет. Заң мен тәртіп – ішкі тұрақтылықтың  бірден-бір кепілі. Онсыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Сондықтан, бұл қағида біздің ең басты бағдарымыз болуға тиіс.   Жалпы, отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар  бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді.  Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» көмегіне сеніп отырған, заңға бағынатын қарапайым жұрт назардан тыс қалмауы керек.     Елімізде әлі шешімін таппаған түйткілдер көп. Оған көз жұма қарау қоғамда әділетсіздік жойылмайды деген теріс ой туғызып, әлеуметтік депрессияға әкеп соқтырады. Біз бар күш-жігерімізді салып, осы мәселені шешуіміз керек. Мемлекет пен халық мүддесін бәрінен биік қойғанда ғана, мақсатымызға жетеміз. Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек. Мен баршаңызды дәл осындай отаншыл азаматтар деп санаймын. Ұлтымыз бірлік пен тәуелсіздік мұраттары жолында ұйысуы қажет. Ұлттық құрылтай мүшелері осы мақсатқа бар күш-жігерін жұмсайтынына кәміл сенемін. Сонда ғана озық демократия дәстүрін қалыптастырамыз, Әділетті және Жаңа Қазақстанды құрамыз.  Ең бастысы, біздің бағдарымызды халықтың басым көпшілігі қолдап отыр. Азаматтарымыз елімізде түбегейлі өзгеріс болатынына сенеді. Дегенмен, референдум табысты өтті екен деп, босаңсуға болмайды. Нағыз жұмыс енді басталды. Реформаны жүзеге асыру барысын елге ұдайы түсіндіріп отыруымыз керек. Қазірдің өзінде жаңғыру үдерісі біртіндеп жалпыұлттық сипатқа ие бола бастады. Шын мәнінде, жаңғырудың әсерін әрбір азаматымыз сезінуі қажет. Елдегі өзгеріске әркім өз ісіндей қараса, шын мәнінде, жаңару жолына түсеміз.  Мұны еліміздің әрбір азаматы терең түсінгені жөн.   Сіздер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырсыздар. Тұрғындармен жиі кездесесіздер. Реформаның мән-маңызын елге жан-жақты түсіндіру қажет. Қазір – интернет дәуірі. Жастар өзіне қажет мәліметті ғаламтордан алады. Дәстүрлі ақпарат құралдарымен қатар, әлеуметтік желіге баса мән беру қажет. Жаңғырудың маңызын ұрпақ санасына сіңіру үшін жаңа тәсілдерді қолдану керек.  Жалпы, түсіндіру жұмысы кезінде жастарға айрықша назар аударған жөн. Өйткені, бүгінгі реформалардың игілігін  ертең солар көреді. Біз не істесек те бәрін ұрпақ үшін істеп жатырмыз. Әрине, бұл жұмыстан қоғамның басқа өкілдері де тыс қалмауға тиіс. Жаңа қоғам құрып, жаңа сананы қалыптастыру ісіне бүкіл елді ұйыстыру қажет. Осылайша, Құрылтай реформаларды жүзеге асыруға жан-жақты атсалысады. Түптеп келгенде, Ұлттық құрылтай негізгі азаматтық қоғам институттарының біріне айналуға тиіс. Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ, Құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет.    Біз Жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажет. Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады.   Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады. Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады.

 

Jsk ақапарат орталығы

Автор: admin