• 22 ноября, 2024 6:04 пп

Ұлттық құрылтай – Отанымыздың дамуына өз әсерін бермек!

Автор:admin

Июл 4, 2023

Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы бірінші отырыстан өзгеше. Бірінші кезекте Ұлытауда қандай да бір «старт» беріліп, болашақ жұмыстың контуры айқындалғандықтан, Түркістанда толыққанды жұмыс отырысы өтіп жатыр.

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясында зиялы қауымның кескін-келбеті, тарихи жауапкершілігі, азаматтық ұстанымы туралы баяндама жасады.

«Құрылтай мүшесі Дәулет Тұрлыханов бүгінгі жастар проблемасына, әсіресе есірткі мен синтетикалық зиянкестерге елітіп жүрген замандастарымыз туралы қатты айтуда. Светқали Нұржанов, Асқар Жұмаділдаев, Дихан Қамзабекұлы, Сәуле Досжанова, Айдос Сарым сынды әріптестерім өз бағыттары бойынша өткір ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды», — деп жазды Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Facebook парақшасында.

Жұмыс секциясы барысында Ұлттық құрылтай мүшелері қазіргі авторлардың әдеби шығармаларындағы ұлттық құндылықтарды ілгерілету және отандық әдебиет пен киноны дамыту мәселелерін қозғады. Сонымен қатар мұражайлар, мәдени орталықтар, кітапханалар, әсіресе ауылдық жерлерде жұмыс істеу, жас таланттарды ілгерілету және креативті индустрияны дамытуды қолдау тақырыптары көтерілді.

Сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеу және білімге ұмтылу, салауатты өмір салты, еңбекқорлық, патриотизм құндылықтарын қалыптастыру тақырыбына ерекше назар аударылды.

Ұлттық құрылтай мүшелері қоғамда бұқаралық спорт мәдениетін ілгерілетуге қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық Құрылтай мүшелерінің мемлекеттік органдармен бірлесіп ұсыныстарын іске асыру жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеуге қатысты шешім қабылданды.

Айта кетейік, Құрылтайды өткізу форматы – екі жұмыс күні, пленарлық отырыс және үш секция отырысы — мұның бәрі формальды тәсілдердің жоқтығын көрсетеді. Құрылтайдың жұмысын ұйымдастырудың басты мақсаты – қоғамдық шоғырландыруды нығайту және кеңейту бойынша жаңа идеялар мен қадамдарды іздеуге және әзірлеуге бағытталғанын көруге болады.

Түркістандағы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы ашылды. Жиынға Құрылтай мүшелерімен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшылық құрамы, Президенттің кеңесшісі және басқа да лауазымды тұлғалар келді.

Біз Мемлекет басшысының жасаған маңызды мәлімдемелерін топтастырып, назарларыңызға ұсынамыз.

 

«Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған.

Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет.

Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар»,-деді президент.

«Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ, мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады.

Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын Ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда.

Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен, қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары. Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған.

Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ, қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан. Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы», -деді Тоқаев.

«Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді.

Сондай-ақ, қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді. Ұлы Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес. Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан.

Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан, осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі.

Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі. Пікірталасқа белсене қатысқан барша азаматтарға ризашылығымды білдіремін»,-деді президент.

«Бірінші құрылтай Жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болды. Біз Ата заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар, еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді.

Биліктің басты институттары қысқа мерзім ішінде мүлде басқаша сипатқа ие болды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі едәуір кеңейді. Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесі нығайды. Осының бәрі еліміздің саяси құрылымын орнықты және тиімді етіп қайта құруға септігін тигізді. Барынша әділ, ашық әрі бәсекеге лайық жүйе қалыптасты. Кейбір адамдар реформалардың табысты боларына күмәнмен қараған еді.

Бірақ, біздің бағдарымыз өзгерген жоқ. Ауқымды саяси жаңғыру жоспарын рет-ретімен жүзеге асырдық. Бәріміз бір ел болып орасан зор жұмыс атқардық. Қазақстан осыдан 2-3 жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерді. Біз аз уақытта зор серпіліс жасадық. Бұған ынтымақ-бірліктің және сындарлы қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткіздік.

Жалпы, Әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана міндеті емес. Оған бүкіл қоғам болып жұмылуымыз керек. Ал, түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз.

Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді.

Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?

Мен бүгін осыған қатысты ой-пікірімді ортаға салғым келеді. Біз қолға алған саяси-экономикалық реформаларды қоғамдағы терең әлеуметтік-мәдени өзгерістермен қатар іске асыруымыз керек. Бұл – маңызды міндет. Біз алға үздіксіз қадам басуымыз керек»,-деді мемлекет басшысы.

 

«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады.

Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс»,-деп президент бірнеше маңызды мәселерге тоқталып өтті.

БІРІНШІ мәселе. Мемлекеттік нышандарды жетілдіру қажет. Қазір кез келген елдің ықпалды болуына ұлттық брендтің әсері мол. Сондықтан, оның танымалдығын арттыра түсу керек. Ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау өте маңызды. Нышандарымыз бірегей ұлттық кодымызды нақты әрі айқын көрсетуі керек.

ЕКІНШІ мәселе. Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту өте маңызды. Дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән береді. Бұл істе ел тарихының көп томдық жинағы басты рөл атқарады. Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ.

ҮШІНШІ мәселе. Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сондай-ақ, төл тарихымызда ерекше орны бар тұлғалардың бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Бұл тізім еліміздің ішінде және шетелде жалпыұлттық бірегейлігімізді айшықтайтын басты ұстынға айналмақ.

Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс.

ТӨРТІНШІ мәселе. Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет.

Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз

Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан, былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым.

БЕСІНШІ мәселе. Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту. Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ, билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы.

Қазір кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы да кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Бұған қоса, киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмайды. Қысқасы, киноға бүкіл білімін, күш-қайраты мен уақытын сарп еткен мамандарға табыстың аз ғана бөлігі тиеді. Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Сондықтан, құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болуда.

Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын.

АЛТЫНШЫ. Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс. Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет.

Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында.

ЖЕТІНШІ мәселе. Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту. Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда, «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат.

Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз. Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе.

СЕГІЗІНШІ мәселе. Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін. Олардың басым көпшілігі орынды. Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру.

«Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет.

Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. «Адал азамат» болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз. Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес. Оны еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin