• 24 ноября, 2024 10:55 дп

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІ ДӘРІПТЕП ЖҮРГЕН ШЫМКЕНТТІК БЕЙІСБЕКОВТЕР ӘУЛЕТІ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ – 2023» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ АТАНДЫ

Автор:admin

Сен 9, 2023

Бүгін «Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Астана қаласында байқау жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті. Республика бойынша конкурсқа қатысуға 3 344 отбасы өтініш берген болса, солардың арасынан үздік атанған 20 отбасы елорда төрінде бас қосып, құрметке бөленді. Бұлардың әрқайсысы өз өңірлерінде байқау жеңімпазы атанған әулеттер. Ұлттық байқауда лауреат атанғандардың қатарында Шымкент қаласынан Бейісбековтер отбасы да бар.

Марапаттау рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, Мемлекет басшысының құттықтау сөзін жеткізді.

Президенттің құттықтауында «Бұл — төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрайды. Мемлекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады» делінген.

Осымен екінші жыл қатарынан «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанған барлық отбасылар республикалық кезеңнің де жеңімпазы деп танылып келеді. Сол себепті бүгін байқаудың барлық лауреаттарына сый-құрмет көрсетілді. Өзге лауреаттармен бірге шымкенттік Бейісбековтер отбасы да Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан арнайы диплом мен 1 миллион теңгенің сертификатын алды.

Ұлттық байқаудың лауреаты атанған Болатбек Бейісбековтің отбасында сегіз адам шығармашылықпен айналысады. Олар: Болатбек Бектасұлы Бейісбеков, Күләш Айдарбекова, Берік Болатбекұлы Бейісбеков, Мәдина Нұрланқызы Ахметова, Венера Болатбекқызы Бейісбекова, Ақбота Болатбекқызы Бейісбекова, Арайлым Болатбекқызы Бейісбекова, Нұрай Берікқызы Бейісбек. Үлкен шығарамшылық әулетте Қазақстан Суретшілер одағының жеті мүшесі, Қазақстан Қолөнершілер одағының бес мүшесі бар. Арғы ата-бабалары қолөнерімен айналысқан отбасының бүгінгі ұрпақтары ұлттық өнерімізді дәріптеуге сүбелі үлес қосып келеді.

Айта кетейік, отбасы институтын нығайту, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, өзара қамқорлық, мейірім мен жарасымдылық секілді отбасы құндылықтарын жандандыру мақсатында ұйымдастырылатын ұлттық байқау биыл оныншы рет өтіп отыр. Осы уақыт аралығында байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 15 мыңнан астам мерейлі, өнегелі отбасылар қатысыпты.

Автор: admin