Адалдық – ардың ісі
Кез-келген мемлекеттің даму үдерісіне кедергі келтіретін факторлар көп: әлсіз экономика, тиімсіз заңнама, ішкі саяси тұрақсыздық, әлеуметтік мәселер және т.б.. Алайда мемлекеттің экономика, білім, әлеуметтік қамтамасыз ету, құқықтық реттеу болсын кез-келген саласының қалыптасуының ең басты үлкен кедергісі – сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғарылығы.
Жемқорлық – кез-келген жүйенің жауы, іштен шыққан құрт, ғасыр індеті. Қалай десек те, жемқорлық көп елде өркениет, даму туралы айту орынсыз.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 18-бабында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің бірі ретінде қоғамдық бірлестіктерді көрсетуі тегін емес. Себебі, сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтық қоғамның маңызының жоғары екендігін әлемдік тәжірибе де көрсетіп отыр.
Мысалы, Автсралияда сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесінде экономиканың әр түрлі салаларында мамандандырылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәуелсіз комиссиялар мен омбудсмендердің рөлі зор. Аталған ұйымдар әлеуметтік секторлың жеке және заңды тұлғаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру, халыққа құқықтық көмек көрсетумен айналысады.
БҰҰ мен Еуроодақтың шеңберінде қабылданған барлық халықаралық конвенциялардың қатысушысы болып табылатын Бельгияда сыбайлас жемқорлықпен күресте мемлекеттік органдар салалық үкіметтік емес ұйымдармен, іскерлік бірлестіктермен тығыз байланыста жұмыс атқарады.
Ұлыбританияда сыбайлас жемқорлықпен күресте азаматтық қоғамның маңызы өте зор. «Трансперенси Интернэшнл», «Корнер Хаус», «Британ сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы», «Паблик Консерн эт Уорк» және т.б. халықаралық үкіметтік емес ұйымдарының британдық бөлімшелерінің белсенді жұмысы негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамас әркез жақсартылып отырады.
Жемқорларға деген төзбушілік ахуалының «нөлдік деңгейі» қалыптасқан Қытай мемлекетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті отбасынан бастап қалыптастыруға баса көңіл бөледі. Сонлықтан бұл мемлекетте Жалпықытай әйелдер федерациясы отбасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие беру мәселесімен белсенді айналысады.
Көріп отырғанымыздай, сыбайлас жемқорлықпен күресте тек біржақты мемлекеттік орган тарапынан жұмыс жүргізу тиімсіз. Жемқорлықты жоюда бүкіл мемлекет болып, халық болып жұмыла жұдырық болудың аса маңызды екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
Еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 ж.ж. арналған стратегиясында да, Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың халыққа жолдауларында да мықты азаматтық қоғам қалыптастыру қажеттілігі аз айтылып келе жатқан жоқ. Президентіміздің сайлауалды бағдарламасының екінші «Әділдік» бағытын жүзеге асыру мақсатында 2020 ж. қараша айында «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. 2021 жылдың қыркүйек айында бірлестік Республиканың 17 өңірінде филиалдарын ашып, мемлекеттік тіркеуден өткізді.
Осыған орай «Әділдік жолы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы өз жұмысын бастағанын назарларыңызға жеткізгім келеді. Бірлестіктің қызметінің негізгі бағыттары: сыбайлас жемқорлықты жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыр, құқықтарын қорғау, парасаттылық идеологиясын алға тарту, қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыру.
Мемлекеттік бюджеттен ешқандай қаражат алмайтын, «Aityn Qyran Foundation» қорының жеке қаражатымен қаржыландырылатын бірлестік ретінде айтарымыз біз үшін ең маңыздысы – тәуелсіздік, әділдік және адалдық.
Қаламыздың дамуына жаны ашитын әрбір отансүйгіш азаматты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылуға шақырамыз. Себебі, адалдық — ардың ісі. Болашақ ұрпағымызға әділетті, адал, таза қоғам қалыптастыру – баршамыздың борышымыз.
Кесебаева Айжан Өмірзаққызы
“Әділдік жолы” РҚБ Шымкент қаласындағы
филиалының басшысы