• 2 августа, 2025 4:02 дп

Азаматтардың сайлаудағы белсенділігі – маңызды қадамдарға жол ашады

Автор:admin

Июл 19, 2025

    Әлем елдерінде мемлекет үшін маңызды мәселелер халықтың тікелей қатысуымен шешіледі. Азаматтардың өз таңдауына сүйеніп шешім қабылдауы қоғамда демократиялық құндылықтарды дамытады. Бұл өз кезегінде сайлау институтының жаңғыруына жаңа леп әкелді. Осыдан 20 жыл бұрын Венгрияда сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында ақпан айының бірінші бейсенбісін Дүниежүзілік сайлау күні ретінде бекіту туралы бастама көтеріледі. Атаулы күннің мәні мен маңызы айқындалған жиында бұл бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдады. Содан бергі уақытта әлем елдері, оның ішінде Қазақстан сайлау жүйесіндегі бұл елеулі күнге маңызды басқосулар мен түрлі кездесулер өткізу арқылы маңыз беріп қарайды. Себебі елімізде саяси жаңғыруға жетелейтін түрлі реформалар ашық сайлау өткізуден бастау алады. Соңғы жылдардағы сайлау жүйесіндегі өрелі өзгерістер соның айқын дәлелі. Ел Президенті Парламенттің құзыретін кеңейтіп, депутаттардың пәрменін күшейту тетігін тікелей сайлау өткізу арқылы шешуге болатынын жеткізді. Нәтижесінде, 2023 жыл ел тарихында Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауын өткізумен есте қалды. Бұл үрдіс кент және ауыл әкімдерінің сайлауында да сәтті жүзеге асуда. Талдауларға сүйенсек, депутат, әкім болуға ниетті азаматтардың арасында өзін-өзі ұсыну жолын таңдаған азаматтардың қатары артқанын көруге болады. Мәселен, 2021 жылы кент және ауылдық округ әкімдері сайлауында кандидаттардың 87,2 пайызы партиядан ұсынылып, 12,7 пайызы өзін-өзі ұсынса, 2024 жылы партиямен ұсынылған кандидаттардың үлесі 36,3 пайызды көрсетті. Керісінше, өзін-өзі ұсыну деңгейі 63,6 пайызға көтерілді. Өзін-өзі ұсыну тетігінің енгізілуі азаматтардың саяси процеске қатысу қолжетімділігін едәуір кеңейтті және азаматтық көзқарасы қалыптасқан адамдардың сайлауға қатысуына жол ашып, саяси бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік берді. Өткен жыл ел үшін маңызды шешім қабылдайтын АЭС салу мәселелеріне байланысты референдум өткізілді. Оған Қызылорда өңірінің қатысу деңгейі жоғары болды. Ал 25 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қызылорда облысынан шығып қалған депутатының орнына сайлау өтті. Нәтижесімен Наурызбай Байқадамов Сенат депутаты болып сайланды. Биылдан бастап аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайлау жүйесі арқылы, яғни халық таңдауы арқылы қызметке келеді. Демек, өкілеттілік мерзімі аяқталуына қарай, ротация мерзімі жеткенде біртіндеп өткізіледі. Бұған дейінгі Түркістан өңіріндегі пилоттық негізде бірқатар аудандарында өткен сайлау науқандарының нәтижелері ауыл тұрғындарының саяси процеске асқан жауапкершілікпен қатысқанын тағы бір дәлелдеді. Соңғы 4 жылда барлық 146 кент және ауыл әкімдерінің 137-сі тікелей сайлаумен әкім қызметіне кірісті. Биыл қалған 9 әкімнің сайлауы ұйымдастырылады. Осылайша 2025 жылдың І жартыжылдығында Түркістан облысындағы әкімдердің барлығы тікелей сайлау жүйесімен сайланады.

Сайлау – халық пен сайланған азаматтың өзара жауапкершілігін тереңдетеді. Тұрғындар кандидатқа сенім білдіріп, дауыс беріп таңдау жасаса, оған 4 жыл елге қызмет етуге мүмкіндік беріледі. Дегенмен, халық сенімінен шыға алмай қалған азаматтар тұрғындардың қол жинауы арқылы сайлаушылардың сенімсіздігіне ие болса жаңадан сайлау өткізуге құқығы бар. Жыл ішінде шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауын, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын ұйымдастырамыз. 2025 жылы сырбойылықтар 48 ауылдық округ әкімінің сайлауына қатысып, таңдау жасай алады. Сайлау –демократияның өлшемі! Сайлау – ел үшін маңызды кезеңде азаматтардың үнқосуы. Бұл ретте әрбір комиссия мүшесі Сайлау туралы Конституциялық заңның орындалуына қызмет етіп, сайлаушылардың құқығын қамтамасыз етуге міндетті. Себебі біздің басты құндылығымыз – әділдік. Басты қағидамыз – ашықтық, инклюзивтік, алқалылық. Басты миссиямыз – халық сеніміне ие болу. Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әртүрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Сайлауға сот iсәрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанады. Мемлекет басшысын сайлау және Қазақстан Республикасының Парламентін, сондай-ақ жергілікті өкілді органдарды құру біздің елімізде ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына (1948 ж.), Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге (1966 ж.), Еуропалық адам құқығы мен негізгі бостандықты қорғау туралы конвенциясына (№1 Хаттама, 1952 ж.), ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құжатына (1990 ж.) енгізілген демократиялық сайлаудың жалпыға танымал принциптеріне сәйкес ашықтық және жариялық жағдайларында өтеді. Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.

Жыл сайын ақпанның алғашқы бейсенбісінде барлық елдерде 2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленген және Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдаған.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin