• 23 ноября, 2024 7:42 дп

Азаматтық қоғам — Ой елегінде

Автор:admin

Июл 15, 2023

Түркістан облысындағы Созақ ауданы қазақ тарихының тал бесігі десек артық айтпаймыз. Қасиетті топырақта тұрып жатқан жұрт ұлтымыздың болмысын ерекшелеп тұратын қонақжайлыққа қанша ғасыр өтсе де сызат түсірмеген. Өткен аптада Түркістан облысының барлық аудандарының Ардагерлер кеңесінің төрағалары мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшылары теріскейде іскерлік сапармен болды. Мәртебелі қонақтарды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов «Одаман» асуынан қарсы алды. Қонақтар әуелі Бабатаға соғып, зиярат етті. Аудан әкімі М. Сексенбайұлы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен алда атқарылар шаруалар жайлы айтып берді.

Тарихи жерлерді аралаған көпшіліктің жүзінен Созаққа деген ерекше ықыластары көрініп тұрды. Араларында  сырлы өлкеге ат басын  мүлде бұрмағандары да бар екен. Тарихи ескерткіштерді тамашалап, аңыз әңгімелермен өрілген деректерді тыңдаған сайын ризашылықтарын білдірді.

Қонақтар Ысқақ бапқа зиярат еткеннен кейін Шолаққорғанды бетке алды. Әуелі аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайының фоэсінде қойылған ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Осында құмкенттік «Ақ әжелер» тобы келген қонақтарды әсем әнмен қарсы алды.

Әжелердің өнерін театр қойылымы жалғастырды.  Облыстық жастар театрының «Ананың туған күнінде» атты қойылымы ерекше әсерлі болды.

Бір отбасының өмірін арқау еткен спектакль өзінің шынайылылығымен, дәл қазіргі өмірден алынған оқиғасымен көрермендерді баурап алғаны сонша, кейбір көрермендер аянышты тағдырға толқып, көз жастарына ерік берді. Жастардан құрылған өнер ұжымы ролдерді шынайы сомдауымен  көрермендер көңілінен шықты. Жиналғандар ризашылығын дуылдата қол соғып білдірді.

Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі аталған өнер ұжымымен келісімге отырып, облыстың барлық аудандарын аралауды жоспарлап отыр екен. Мақсат елдің назарын қоғамдағы проблемаларға аударып, ой салу, театр өнерін дәріптеу.

Тәрбиелік бағытта жасалған жоба алғаш рет Созақ ауданы жұртшылығына ұсынылды. Кеш соңында жоба авторы облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сахна төріне көтеріліп, жастар театры актерлеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Бүгінгі семинардық мақсат-міндетіне тоқталып, ашық деп жариялады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов баяндама жасап, аудандық ұйымның атқарып жатқан жұмыстарына шолу жасады. Аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды ардагерлердің жастар тәрбиесіндегі игі істеріне сәттілік тіледі.

Ауыл-ауылдардан келген мектеп директорларының тәрбие жөніндегі орынбасарлары, Шолаққорған ауылының тұрғындары, БАҚ өкілдері қазіргі қоғамдағы тәрбиеге байланысты өзекті мәселелерді ортаға салып, шешу жолдарын ұсынды. Өзара тәжірибе алмасты.

Түскі астан кейін семинар кеңеске қатысушылар аудандық Тең қоғам орталығында болып жұмысымен танысты, ардагерлер үйін аралап көрді. Аудандық ардагерлер кеңесінің іс-қағаздарымен танысып, үлгі аларлықтай игі істер көп екендігін көңілдеріне түйді.

Қонақтар С.Қожанов атындағы өлкетану музейіне барып, экспонаттармен танысып, үлкен әсер алды. Созақтың тарихынан сыр шертетін мұражайдың жұмысын ерекше ықыласпен аралап көрді. Музей директоры Ниязәлі Дүйсенбек пен музей қызметкері Гүлнәр Өмірбектің жұмыстарына жоғары баға беріп, Созақ елінің меймандостығына, қазақы қаймағы бұзылмаған ізгі ықылас-пейіліне тәнті юолғандарын айтып, ақсақалдар батасын берді. Жүргізіліп жатқан жұмыстарға қайта-қайта ризашылықтарын білдіріп, семинар-кеңестен жоғары әсер алғандарын жеткізді.

Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ, Созақ ауданы

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ АЛТЫ МІНДЕТІ

Осы апта азаматтық қоғамның алты міндетін анықтап бергендей болды. Бірінші міндет бірлікке ұмтылу болса, екіншісі мемлекеттік бағдарламалардың маңызын түсіндіру. Үшінші міндет қарызсыз қоғам қалыптастыру. Төртінші міндет үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыру, бесінші міндет қоғамдағы мәселелердің шешілуіне атсалысу болса, алтыншы міндет біліктілікті көтеру. Енді осының бәрін ортаға салған басқосулар туралы жеке-жеке айтып шығайық.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ БЕРІКТІГІН НЫҒАЙТА ТҮСЕДІ

Қай мемлекеттің болмасын басты құндылығы бейбіт өмір мен берекелі тірлік. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА мен саяси партиялар күш біріктіріп, ел бірлігі жолында бірлесе еңбек етуді тапсырған болатын.

Өткен аптада Президент тапсырмасына сай Түркістан облысында азаматтық қоғам орнықтыру жолында тиянақты істер атқаруға алғашқы қадам жасалды. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірде бар саяси партиялардың облыстық филиалдарының бірлескен отырысы өтті. Бірлікті үндеген басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары-  облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев, саяси партиялардың облыстық филиалдарының басшылары, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктер төрағалары қатысты.

Алқалы жиын барысында облыс әкімдігі атынан Бейсенбай Тәжібаев  пен саяси партиялардың облыстық филиалдары басшылары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. “Бұл меморандум қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мәселелері бойынша тараптардың өзара ынтымақтастық іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталды.

Ел тыныштығы жолында күш біріктірген жергілікті билік пен саяси ұйымдар мен қоғам белсенділерінің ынтымақтастығы қоғамның мызғымас беріктігін нығайта түседі деп сенемін”-деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

 

 

Облыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ  сессиясында берген тапсырмаларына сәйкес арнайы бекітілген жоспар бар. Осы жоспар бойынша жүргізілетін жұмыстардың бірқатары халыққа мемлекеттік бағдарламалардың маңызын түсіндіруге бағытталған. Аудандарға шығар алдында үгіт-насихат жүргізетін топтың жұмысы тағы бір пысықталды. Бұл кеңесте облыс орталығының тұрғындары да қатысты.

Жұмысшы топ облыстың тиісті сала бойынша басқарма өкілдерінен құрылған.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Керімбек Мырзабаев жүргізген басқосуда ақпараттық-насихаттық топ мүшелері тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар жайында өз саласы бойынша  қандай тақырыптарды түсіндіретінін жеке-жеке айтып берді.

Өз кезегінде облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Талғат Аңдабай жастарды колледждерде білім алуға шақырды. «Бүгінгі таңда облыста колледждерге гранттар бөлінген. Бұл жастардың мамандық алып шығуына берілген үлкен мүмкіндік. Өкінішке орай бөлінген гранттардың бірқатары игерілмей қайтарылуда. Бұл жерде білім аламын деген талапкердің жасына шектеу қойылмаған. Сондықтан да мамандық алғысы келген талап иесіне мүмкіндіктер молынан»,- деді Талғат Төлешұлы.

Ал облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов жастарды білімді, білікті етіп тәрбиелеу қажеттігін айта келе, мамандық алудың маңызына тоқталды. «Мамандық деген болашақ. Сондықтан да жастар түрлі кәсіпті меңгерген маман болулары қажет. Бұл ретте колледждерде білім алып , маман болудың да маңызы үлкен»,- деді Созақбай Исаұлы.

Басқосуда облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Қанат Сыдықов, облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұргүл Жақсылықова, облыстық жұмыспен қамту,  әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Майра Арысланова және ақпараттық-насихаттың топтың өзге де мүшелері салаға қатысты бағдарламалар жайында түсіндіре келе, тұрғындар сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ жиынға қатысушы жұртшылықтың ұсыныс пікірлері де тыңдалды.

Облыс орталығынан басталған ақпараттық-насихаттық топтың халықпен кездесулері енді өңірдің өзге қала, аудандарында да жалғасын табады.

БІЛМЕСТІК ҚАРЫЗҒА БАТЫРАДЫ

Мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар әкімшілік үшін емес, Қазақстан халқының әл-ауқаты, әлеуметтік жағдайын ғана емес, білімінде көтеру үшін жүзеге асырылатыны белгілі. Халық араласпаса бағдарламаның да, жобаның да тиімділігі төмендеп пайдасы көрінбейді. Білместік қарызға батырады. Бүгінде елдің бас-көзсіз несие алуы халықтың қаржылай сауатының өте төмен екендігінің көрсеткіші.  Осы орайда

«AMANAT» партиясы Halyk bank-пен бірігіп «Қарызсыз қоғам» жобасын бастаған-ды. Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған семинар-тренингтің екінші  кезеңі жалғасып жатыр.

Пилоттық жоба аясындағы кезекті оқыту семинары Қазығұрт ауданы, Қазығұрт ауылдық округінде өтті. Оқу семинарына «AMANAT» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Е.Исақұлов, жоба сарапшысы Ренат Мамырбеков,  БАҚ өкілдері қатысты. Кездесуге қаржылай сауатымызды көтереміз деген үмітпен 100-ге жуық ауыл тұрғыны келді.

 

Айта кетейік,  қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша курста жоба сарапшысы Ренат Мамырбеков келушілерді  тегін оқытып жүр.

-Бүгінгі таңда халықтың қарызданып қалу мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Бүгінде елемізде 1 миллионнан астам адам кем дегенде бір несиесін кешіктіріп отыр. Оқыту курсының негізгі мақсаты –болашақта ел экономикасын қалыптастыратын халықтың, жас ұрпақтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін құру, дейді жоба сарапшысы.

Курсқа қатысуға ниет білдіріп келген ауыл тұрғындары қаржылық сауаттылық бойынша көптеген мағлұматтар алып, таным көкжиектерін кеңейітті. Қаражатты қалай жұмсау керек, қалай отбасылық қаржы қорын қалыптастыруға болады, осы сұрақтарға да жауап тауып қайтты.

2 мамырда басталған мұндай оқулар жыл соңына дейін жалғасын табатын болады. Қаржылай сауаттандыру курстары  еліміздің 8 өңірінде ұйымдастырылған. Жоғарыда айтып өткеніміздей оқулар тегін жүргізіледі. Курста қатысушылар  3 топқа бөлініп, 5 күн оқиды.

ҮШ МӘСЕЛЕ, БІР ЖАУАП

Қазығұрттың тұрғындары қаржылай сауаттануға кіріскенде ,  облыстың белсенді үкіметтік емес ұйымдары Түркістан қаласына жиналды. «Береке» қоғамдық бірлестігі «Жергілікті билік органдары мен ақпараттық-ресурстық орталықтары арасындағы өзара іс-қимыл механизмдерін нығайту» дөңгелек үстел өткізді.

Бас қосуға Қоғамдық даму басқармасының өкілдері, «Азаматтық Альянс» ЗТҚ,  облысымыздың аудан, қаладағы ақпараттық-ресурстық орталықтарының үйлестірушілері мен ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысып, алдағы жұмыс жоспарлары талқыланды.  Қоғамдық ұйым басшылары тақырып аясындағы  ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жалпы Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 650-ге жуық үкіметтік емес ұйым Әділет басқармасына тіркелген. Солардың ішінде белсенді жұмыс істеп жүргендері  санаулы ғана. Бұл соңғы бес жылда ұдайы көтеріліп келе жатқан мәселе. Соған қарамастан жағдайдың жақсы жағына өзгергені байқалмайды. Қатысушылар белсенділікті арттыруға не кедергі деген сауалды ортаға салып өз пікірлерін білдірді. Қоғамдық ұйымдардың білімін көтеру, халықаралық және еліміздегі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар мен гранттарды ұтудың жолдары туралы айтылды. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың ерекшеліктері,  қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысу  туралы ойлар ортаға салынды.  Басқарма басшылығы аудандағы қоғамдық ұйымдардың белсенділігін арттыру үшін, ақпараттық-ресурстық орталықтарына жағдай жасауды назарға алатындықтарын жеткізді.

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin