• 25 ноября, 2024 9:24 дп

Алкогольдің зиянын кім және қалай азайтқан

Автор:admin

Апр 12, 2024

Егер тәуелділік бар болса, жаман әдеттен аулақ болу қиын. Біреулер үшін зиянды азайту – алкогольден мүлдем бас тарту дегенді білдіреді. Екі кейіпкер «Jsk.kz пен» өз хикаяларымен бөлісті.

Ішімдікке байланысты зиянды төмендету туралы сөз қозғайтын болсақ, бұл тұста жалғыз ерік-жігердің өзі аздық етуі мүмкін. Бар болғаны өз-өзіңізге мына сөздерді айту керек: «Мен аптасына бір-екі рет қана ішемін», «Мен алкоголі аз ішімдіктерді таңдаймын» немесе «Мен ішімдікті қоя тұрамын». Алайда маскүнемдікке салынатын адамдар қайдан пайда болады? Олар тәуелділік қармағына қалайша ілігеді? Біздер бұл жайт туралы жазушы, адвокат және психологтан сұрастырып көрдік, ал олар осы тәжірибені қалай бастан өткергені және қандай қағидаларының қалыптасқаны жайлы әңгімелеп берді. Енді жаман әдеттері емес, керісінше, олар өз әдеттерін қадағалайды.

 

КОНСТАНТИН НАГАЕВ, ЖАЗУШЫ

Мен алкогольдік ішімдікке деген қарым-қатынасымды құмарлық немесе тәуелділік деп айта алмаймын. Осыдан он жыл бұрын қиынға соққан ажырасу үдерісінен кейін мен ішімдікке салынып кеттім, арасында қойып, қайта бастайтынмын.

Бірнеше күн бойы айықпастан іше алатынмын, бірақ сосын қысқа мерзімге болса да, ішімдікті қоятынмын.

Кейіннен маскүнемдікке салынып кету қаупі бар екендігін түсінгенімде, емделген де жоқпын, кодталған да емеспін – тек ерік-жігерімнің арқасында ішімдіктен бас тарта алдым. Алайда менің көптеген танысым сауықтыру үдерістерінен өткен.

Мен осы әдетімнен жеңіл құтылдым, алайда бұл әдеттегі оқиға емес деуге болады. Мен жай ғана ішімдікті тұтынуды қадағалай бастадым, жалғыз болғанымда ішпедім, көңіл-күйім жаман болғанда ішуден бас тарттым, сондай-ақ себепсіз ішуді доғардым.

Қазіргі кезде алкогольмен қарым-қатынасым тамаша. Мен кешқұрым жақсы шараптың бір шөлмегі немесе 200 ғана грамм виски іше аламын. Және де жылына төрт рет «құрғақшылық» кезеңдерін ұйымдастырамын – бір-бір жарым айға үзіліс жасап, спирттік сусындардан мүлдем бас тартамын.

Осы әдетке тәуелді болғысы келмейтіндерге тілерім: түйткілдің бар екендігін уақытысында түсініп, бірден мамандарға барыңыздар.

 

ЮЛИЯ УЛЬЯНОВА, ПСИХОЛОГ, АЛКОГОЛЬДІ ТӘУЕЛДІЛІК БОЙЫНША КЕҢЕСШІ

Мен алкогольге біртіндеп және байқаусыз әуестендім. Бұл 1996 жылы еді. Алкогольді ішу – сол кездері әдеттегі нәрсе болып саналатын. Менің жігітім ішкен, құрбыларым да ішті, мен де қосыла кеттім. Басында, яғни, алғашқы бір-екі жылда ешқандай ауырлататын жағдайлар болған жоқ: түнімен көңіл көтеріп, думан салып, таңертең сабаққа бара саласың. Мастықтың салдары, ұмытшақтық, не болмаса ісіну мүлдем болмады. Ал, жарайды, ішіп алдың, торттың үстіне отырдың делік, басқа бір ақымақтық жасадың, онда тұрған не бар? Бірінші рет тұрмысқа ерте шықтым. Отбасы құруды аңсағанымнан шыққан жоқпын. Тезірек отбасыдан кетіп қалуды қаладым, өйткені ата-анам ішуге кедергі ететін. Жолдасыммен тек ішімдікке салынып қана жүретінбіз. Мысалы, егер шұжық пен сыра екеуінің арасында таңдау жасау керек болса, әрдайым екіншісін таңдайтын едік. 19 жасымда мен нағыз маскүнемге айналдым, алайда ол туралы ойлануға мұршам болмады. Күн сайын, тоқтамай ішетінмін.

Тәуелділік қауіптілігінің артқаны сонша, тіпті, алғаш рет ішімдікті қою үшін 25 жасымда нарколог пен гипнологтың көмегіне жүгінуіме тура келді.

Алайда оған дейін де бірнеше рет ішімдікті қоюға талпындым. Кодталғаным да бар, ол тек 1,5 жылға ғана жеткен еді. Содан соң жеке өзім бас тартып көргенмін, түйсіктік деңгейде десем болады, себебі ол кезде қазіргідей ақпарат жоқтың қасы.

Бәрі де басымнан өтті: күйзелістер де, олқылықтар да, жалғыздық та, ұят, ашу, уайым секілді шынайы сезімдермен кездесу де орын алды. Бұл оңай болмады, бірақ мен басқа амалымның қалмағанын ұғындым. Маскүнемдікке салынып, қор болғым келмеді, сондықтан тек алға жүруге бел будым.

Араласатын ортамнан бастап ойлау мен әдеттеріме дейін – бәрін де өзгертуге тура келді.

Медитация жасауды үйрендім, өзім үшін йоганы аштым, психотерапияға барып, айналамдағы өмірімнің өзгергенін байқадым. Содан күш-жігер пайда болып, осы салаға әуестендім, тұлғалық өсу тақырыбы туралы көбірек оқи бастадым.Осыдан кейін барып психолог және тәуелділіктер бойынша мамандарды дайындайтын оқуға түстім.

Бүгінгі таңда менің алкогольден бас тартқаныма 12 жылдан асты, алайда ішімдікке күнделікті тап боламын: өйткені жеті жылдан бері алкогольдік тәуелділік бойынша кеңесші ретінде жұмыс істеймін, адамдарды саламаттылық жолында «жетектеп» келемін, тақырыптық блог жүргізіп отырмын, сондықтан бәрінен де хабардармын. Алкогольдік әлемде жаңалық жоқ, әрі адамдардың ішімдікке салынып, өз өмірлерін құртып, осы жағдайдың торына шырмаланып, шыға алмай жатқандарын бақылай отырып, әрдайым өзіме салауатты өмір салтын таңдағаныма алғыс айтамын. Бұл жеке басым үшін ең үздік сыйлық, ең үздік таңдау және ең үздік шешім деп білемін.

Осы залалды әдеттен бас тартқысы келетін жандардың барлығына да тілерім: белді бекем байлап, берілмеңдер дегім келеді, жаман әдеттен арылудың жолы көп – өз жолдарыңды іздеуден жалықпаңдар. Қолдарыңыздан келмесе, көмек сұрауға арланбаңдар. Егер 25 жасымда мен секілді қасымда адамым болғанда ғой, шіркін, ішімдіктен тезірек және оңай бас тартатын едім.

 

Jsk ақпарат орталығы

Автор: admin