Ұлттық экономика министрлігінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы Кеңес басшысы Эльдар Шамсутдинов пен ҰЭМ аппарат басшысы Олжас Сыздықовтың төрағалығымен өткізілді, деп хабарлайды JSK.KZ ақпараттық агенттігі. Кездесу шеңберінде Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асырудың аралық қорытындысы шығарылып, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» жобасының орындалу барысы ұсынылды. Талқылау барысында аталғандай, 2021 жылдан тікелей сайлау тетігі енгізілген кезден бері 2 969 ауыл әкімі сайланған. Ағымдағы жылы бұл тетік аудан мен облыстық маңызы бар қалаларға да қолданыла бастады. Енді сайлау жұмыс атқарып жатқан әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі дамытуға арналған бірқатар бастамамен танысты. Атап айтқанда, сайлау заңнамасын жетілдіру жалғасуда. Сонымен қатар, ауылдық округтердің қаржылық базасы нығайтылды: IV деңгейдегі бюджеттердің кірісі 3,5 есеге өсіп, қосымша салық пен алымдарды табыстау жоспарлануда. Сонымен қатар, бюджет қаражатын қайта бөлу тәртібін оңайлату қарастырылып жатыр. Бұл шешім қабылдау мерзімін едәуір қысқартпақ. Қатысушылар атап өткендей, қабылданып жатқан шаралар жергілікті өзін-өзі басқарудың неғұрлым дербес және ашық моделін қалыптастыруға ықпал етеді. Ауылға мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» жобасының іске асырылу барысы қаралды. 2009 жылдан бері 114 мыңнан астам адам әлеуметтік қолдау шараларын алған. Оның ішінде 52 мыңнан астамы тұрғын үйге жеңілдікті кредиттерді пайдаланды. 2023 жылдан бастап өтініш беру процесін цифрлық платформада автоматтандырылған түрде беру жүзеге асырылуда. Отырыс соңында, Экономикалық зерттеулер институты (ERI) макроэкономика, инвестиция мен фискалдық саясат бойынша талдау материалын таныстырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Енді ауыл әкімін таңдауда әр тұрғын тікелей дауыс беру құқын қолдана алады. Сондай-ақ ауыл әкімі лауазымына азаматтардың өзін өзі ұсынуына жол ашылды. Мұнан бөлек, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес енді сайлау бюл¬ле¬тень¬деріне «бәріне қарсымын» деген жеке бағана ен¬гізіледі. Заңгерлер мен саясаттанушылар ендігі сайлауда ауыл тұрғындарының өзін өзі ұсына алу мүмкіндігін басым артықшылық ретінде қарайды. Бұл жеке адамның елді сендіре алу, ұйыта алу қабылетін анық көрсетеді. Сондай-ақ саяси партиялар өз ішінен кандидат ұсына алады. Үшіншіден жергілікті жердегі аудан әкімі де бір кандидат ұсынады. Ауыл әкімдері сайлауына кімдер қатыса алады? Алдағы уақытта осы айтылған тәртіп бойынша тұтас елдің түрлі деңгейдегі 2 345 әкімі сайлануы тиіс. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 18 млрд теңгеге жуық қаржы қарас¬ты¬рылған. Алғашқы лекте, яғни осы күзде 836 ауылдың тұрғындары өз әкімдерін сайлайтын болады. Бұған 5 млрд теңге шамасында қаржы жұмсалатын көрінеді. Бұл тәсілдерге қатысты да әр түрлі пікірлер айтылуда. Соның бірі өзін өзі ұсынушылардың сайлану мүмкіндігі төмен екендігі туралы пікір. Екінші пікір, саяси партиялардың ықпалы мен ресурсының сәйкес еместігі туралы пікір. Үшінші жағынан, жергілікті жердегі рушылдық дертінің басымдығы – сайлаудың әділ өтуіне кедергі келтіруі мүмкін дейді мамандар. Ауылды басқаруға лайықты тұлға, әрине, заңда белгіленген 25 жастан жоғары болуы, жоғары білімді және сотталмағанын және жүйке ауруы мен наркологиялық ауру бойынша есепте тұр¬май¬тыны жөнінде анықтама өткізуден тыс, ел алдындағы беделі мен тұлғалық қабылеті де маңызды болатыны анық. Жоғарыда атап өткен пікірлерден тыс, халықтың тұлға тани білуі мен ақпараттың шынайылығын анықтай білу, өсек-аяңға бой ұрып кетпейтін көзі ашық болуы да ең маңызды шарттардың бірі болмақ.
Jsk ақпараттық агенттігі