• 26 сентября, 2024 11:24 пп

Қазақстанда кейбір мәселені талқылау кезінде «20 миллион сарапшы» деген қағытпа айтылып қалады. Бұл жердегі ащы шындық – «шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген ұлы тәмсілді кейде ұмытып кетіп жататынымыз меңзеледі. Президент Атом электр станциясын салуға қатысты референдум өткізу керек дегелі қоғамда қызу болып жатқан әр түрлі пікірталас, талқылауларды көріп аталған әзіл ойымызға оралып еді…
Осы апта сондай қызу талқының бірі Алматы қаласында өтті. АЭС салуды жақтайтын және қолдамайтын екі топтың арасындағы тартысқа біз де құлақ түрдік. Аталған нысан болашақта Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, атом саласының дамуына тың серпін береді деп қолдап, дәйек келтіргендер қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Стамбеков, BAYTAQ партиясының өкілі Асқар Иманәлиев, энергетика саласының сарапшысы Петр Своик, физик-ядрошы, «Қазатомпромның» бұрынғы қызметкері Ермек Қожамсүгіров пен Ядролық физика институтының радиациялық материалтану зертханасының инженері Анастасия Тарапеева болды. Ал АЭС салуға келіспейтіндер тарапында энергетика саласының сарапшысы Әсет Наурызбаев, экологиялық құқық жөніндегі заңгер Вадим Ни мен филология ғылымдарының кандидаты Нұртаза Қадірниязов бар.
Жалпы энергетика саласы мамандары елдегі энергия тапшылығы 2040 жылға қарай күшеюі мүмкін екенін жиі айтып келеді. Оның үстіне көмір мен газдың ұзақ мерзімді перспективада тұрақсыздығын ұмытпау керек. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздеріне қатысты қазіргі технологияларға байланысты шектеулер де АЭС салудың ең тиімді жол болатынын көрсетіп отыр.
Энергетика саласындағы сарапшы Петр Своик пікірталас кезінде АЭС-ті Қазақстанның энергетикалық болашағының бір бөлігі ретінде қарастыру керектігін баса айтты. Ол елдегі энергия тапшылығын жою үшін барлық қолжетімді энергия көздерін пайдалану қажет деп санайды. Өйткені, АЭС көмір мен газ станцияларына балама ретінде ұзақ мерзімді және сенімді энергия көзі бола алады екен. «АЭС елді энергия тапшылығынан құтқарып қана қоймай, сыртқы энергетикалық тәуелділіктен де құтқарады»,-деді сөзін шегелеп.
Ал, энергетика саласындағы тәуелсіз сарапшы ретінде АЭС құрылысына қарсы шығушы Әсет Наурызбаевтың басты аргументтерінің бірі – АЭС өндіретін электр энергиясының құны жел мен күн энергиясының құнынан қымбат болып кетуі мүмкін екен. Бұл мәселені тумаған сиырдың уызы деген сияқты әңгімеге ұқсаттық. Әлі салынбаған АЭС-тен алынатын энергияның тарифтік бағасын Наурызбаевтың қалай есептеп шығарғаны бәрінің көкейінде сұрақ болып қалды…
Оған жауап қатқан Своиктің пікірінше, Қазақстан барлық қуат көздерінің мүмкіндігін пайдалануы тиіс. Атап айтқанда, көмір, газ, су және атом станцияларын да салу керек. «Қазақстанда 2012 жылдан бері тек жел және күн энергиясына қатысты жобалар ғана жүзеге асырылды. Бұл еліміздің электр энергетикасы туралы заңнамасына сырттан күштеп енгізілген. Диспетчерлер алдымен осы жаңартылатын энергия көздерінен алынған электр энергиясын сатып алуға міндетті. Алайда, энергия көп болған кезде оны дәстүрлі көздерден әлдеқайда арзан өндіруге болады. Ал, энергия қажет болған кезде, жаңартылатын энергия көздері мен күн электр көздері “демалып” тұрады, сондықтан біз оны екі есе, тіпті одан да жоғары тарифпен сатып аламыз. Менің ойымша, жаңартылатын энергия көздерінен міндетті түрде сатып алу туралы шешімді алып тастау керек. Күн мен жел басқа көздермен тең жағдайда бәсекелесуі тиіс. Сонда олардың басқа энергия көздеріне, соның ішінде АЭС-ке қарағанда тиімділігі төмен болып шығатыны анық»,-деді ол.
Пікірталасқа қатысқан мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков осыдан бір жыл бұрын АЭС салуға қарсы болғанын жасырмады. Алайда, нақты дәлелдер мен аргументтерге көзі жеткен соң АЭС салуды қолдауды жөн деп тапқан.

Әсет Наурызбаев пен Ерлан Стамбеков өзара пікірталастыру кезінде уран мен көмірдің эквиваллентін салыстырып көрсеткен депутат бір ғана мысалмен Наурызбаевтың аузына құм құйды. Ерлан Стамбеков энергетика бойынша эксперттің қарапайым уран мен көмірдің айырмашылығын білмейтінін алға тартты. Сондай-ақ, Стамбековтің көмір станцияларынан атмосфераға бөлінетін шығындылары туралы сұрағына Наурызбаев жауап бере алмай жалтара берді.
Ядролық физика институтының инженері Анастасия Тарапеева АЭС-тің қауіпсіздігіне қатысты нақты мысалдармен түсіндірді. Ол атом электр станцияларының заманауи технологияларының жоғары деңгейде дамығанын және қауіпсіздік шараларының да артқанын алға тартты. Сонымен қатар, жаңартылатын энергия көздерінің тұрақсыздығына да тоқталып, АЭС-тің энергия өндіруде сенімді әрі тұрақты қуат көзі бола алатынын айтты.
Өз кезегінде сөзге араласқан филолог Нұртаза Қадырниязовтың ойынша АЭС-ті салқындату үшін көп су керек, сондықтан Балқаш көліне тартылу қауіпі төнеді. Оған Анастасия Тарапеева «Реакторды салқындату үшін Балқаш көлінен табиғи түрде буланатын судың 1%-дан аз мөлшері ғана қажет»,- деп кесімді жауап берді.
Филологтың экологияға қатысты «АЭС іске қосылғаннан кейін 30 жыл өткен соң, оны тоқтатып, бөлшектерін жою керек болады. Ядролық қалдықтар мәселесі шешілмеген» деген уәжіне маман Анастасия Тарапаева нақты түсіндіріп отырып жауап берді.
–Алматы қаласындағы Ядролық физика институтында 1968 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан атомдық реактор бар, яғни 60 жылға жуық жұмыс істеп тұр. Бұл қазіргі заманғы технологияларды жаңартудың мүмкіндігі. Қазіргі су-сумен салқындатылатын реакторлар 80 жылға дейін, тіпті одан да ұзақ уақыт жұмыс істей алады. Ал қалдықтарға келер болсақ, олар арнайы қоймаларда сақталады, оларға ешкім қол жеткізе алмайды және радиацияның қоршаған ортаға әсер етуіне жол бермейді,- деп нүктесін қойды.
Трапееваға шамасы жетпейтінін түсінген соң Қадырниязов «Байтақ» партиясының өкілі Асқар Иманалиевке соқтығысты. Алайда, Иманалиевте осал қарсылас болмай шықты. Ол, Қадырниязовтың АЭС-ке қатысты әлемде апатты оқиғалар болғанын алға тартып 1979 жылы АҚШ-тағы Три-Майл-Айленд, 1986 жылы Чернобыль, 2011 жылы Фукусиманы тізбектеп, «мұндай қауіп Қазақстанда да болуы мүмкін» деген алып қашпа әңгімесін айтып қалды.
– Қазақстанда ЯФИ-дің реакторы 60 жылға жуық жұмыс істеп тұр, ал МАЭК-тегі реактор 1973 жылдан 1999 жылға дейін жұмыс істеді, екеуі де жарылған жоқ. Тіпті Францияда АЭС жанында жүзім, асшаяндар өсіреді. Барлық апаттар адами фактордан болды, соның ішінде Фукусима да, онда станция иелері мәселені өздері шешуге тырысқан,– деп нақты жауап берді Асқар Иманәлиев.
Сондай-ақ, өз кезегінде «Қазатомпром» өнеркәсібінде 21 жылдан аса уақыт жұмыс істеген ядро-физик Ермек Қожамсүгіров болашақта елімізге тіпті 4 бірдей АЭС-тің қажет болатынын алға тартты.
– Меніңше бізге әлі 4 атом электр станциясы керек. Олар оңтүстік, солтүстік, шығыс және баты өңірлерде орналасуы қажет,– деді ол. Ермек Қожамсүгіров сонымен бірге оның құрылысы мен жұмыс жасау барысы көптеген жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп, уранды арзан бағаға сатқанша, АЭС-ке қолдануға болатынына тоқталды.
Пікірталас барысында мардымды дәйек айтып, нақты дәлелдер келтіре алмаған Наурызбаев бастаған филолог, эколог, заңгерлер әдеттегідей популизмнің ауылынан ұзай алмады. Жұртты дабыра арқылы елең еткізгісі келгенмен халықтың да бұл тақырыпта сауаты артқанын білмейтін болса керек. Жалпы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды шешімді халықтың өзіне қабылдауына мүмкіндік берді. Көптеген елдерде АЭС салу мәселесінде Үкімет шешім қабылдап, бұқараның пікірі туралы әңгіме болмағанын да білеміз.
Халық бұл мәселеде әлбетте мамандардың нақты пікірлеріне сүйеніп шешім қабылдары анық. Мәнсіз айқай мен құр аттанның дәуірі баяғыда өткен. “DAT”

Автор: admin