• 21 ноября, 2024 9:53 пп

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар қызметкерлері білім беру мекемелерінде үнемі түсіндіру дәрістерін, ашық сабақтар, өрт қауіпсіздігі бойынша викториналар, сондай-ақ өрт туындаған жағдайда эвакуациялау бойынша жаттығулар өткізіп отырады. Бұл жолы қызметкерлер № 44 Жанар бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілермен Өрт қауіпсіздігі бойынша кезекті Ашық сабақ өткізді. Балаларға қауіпсіздік насихаттау мақсатында танымдық мультфильм көрсетілді. Ашық сабақ барысында балалар жұмбақтар шешіп, өрт қауіпсіздігі бойынша сұрақтарға жауап берді, телефон нөмірлері мен өртке қарсы қызметті шақыру тәртібін атады, ал сабақ соңында өрт кезіндегі тәртіп ережелерін қайталады. Балалар өрт қауіпсіздігінің белгілі ережелерін, төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету алгоритмін білетіндерін көрсетті. Бұндай өрт қауіпсіздігі бойынша сабақтар балаларға қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін тәрбиелеуге, отты абайлап қолдану дағдыларын үйретуге мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жастар — мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деген сөзін басшылыққа алып, Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, тұрақты түрде қажетті іс-шаралар кешенін қабылдауда. Бұл туралы Шымкент қаласы ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеді. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бекіткен «Төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттерге үйрету мақсатында білім беру мекемелерінде оқу-дәріс өткізудің 2024 жылға арналған жоспарын» орындау мақсатында, департамент қызметкерлері биылғы жылы Шымкент қаласы, Абай ауданы бойынша қалалық білім басқармасына қарасты жалпы саны 127 ұйымның қызметкерлеріне сабақ өткізуді жоспарлап отыр. Сабақ барысында тыңдаушыларға «Жер сілкінісі уақытындағы қауіпсіздік», «Су айдындарындағы қауіпсіздік», «Өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері», «Алғашқы медициналық көмек», «Төтенше жағдайларда халықты моральдық-психологиялық даярлаудың негізгі бағыттары» тақырыптарында дәріс оқылды. Департамент жоғарыда аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында бір аптаның ішінде қала аумағындағы барлық аудандарды қамти отырып, 1000-ға жуық білім беру мекемелерінің қызметкерлерін оқытуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде, жасөспірімдер арасында «Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға» мүмкіндік береді. Сонымен қатар Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күн сайын тұрғындармен профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Мұндай іс-шараның негізгі мақсаты қала тұрғындарын төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыру, белгіленген тәртіп бойынша дұрыс әрекет жасауына ықпал ету.

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin