• 21 ноября, 2024 9:17 дп

БӘЙДІБЕК БИ-АРҒЫНБЕКОВ КӨШЕСІ ҚИЫЛЫСЫНДА ҮШ ДЕҢГЕЙЛІ ЖОЛАЙРЫҚ САЛЫНАДЫ

Автор:admin

Дек 30, 2021

Шымкент қаласындағы көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес, Бәйдібек би даңғылы мен Арғынбеков көшесінің қиылысында 2022-2023 жылдар аралығында үш деңгейлі жолайрық салынады. Аталған нысанның құрылысы туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары М.Исахов пен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов баяндады.

Әкім орынбасары 2022 жылдың 5 қаңтары күні нысанның алғашқы қазығы қағылып, жер қазу жұмыстары басталып, осы күннен бастап магистралдағы көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылатынын жеткізді.

«Бәйдібек би даңғылы Шымкенттегі негізгі көлік магистралінің бірі. Шаһардың солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын жолдың тәуліктік көлік жүктелімі соңғы жылдары айтарлықтай өсті. Қаланың тұрақты өсу динамикасын ескерер болсақ, бұл магистралдағы көлік жүктелімі жылдан жылға арта бермек. Яғни, жолдың көлік өткізу қабілетін арттыру – уақыт күттірмейтін мәселеге айналып келеді»,-деді М.Исахов.

Құрылысқа байланысты Арғынбеков көшесінің қос бағыты бойынша көлік қозғалысы сегіз айға шектеледі. Батыстан шығысқа қарай Байтұрсынов көшесінен Бәйдібек би даңғылы аралығы және шығыстан батысқа қарай жаяу жүргіншілерге арналған жол өткеліндегі бағдаршамнан Бәйдібек би даңғылы аралығы жабылады. Көлік қозғалысы үшін альтернативті магистралдар ретінде Рысқұлов және Төлеметов көшелері белгіленген.

Басқарма басшысы Е.Жолдасов жолайрықтың техникалық сипатына сәйкес, Бәйдібек би даңғылында 700 метр, Арғынбеков көшесінде 921 метр көше аралығы құрылыс аумағына енгенін атап өтті.

Құрылыс жоспары бойынша ені 80 метрлі 4-6 жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселмек.

Шымкент қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарынан жолға байланысты туындайтын уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды.

Jsk ақпарат

Автор: admin