• 16 сентября, 2024 8:19 пп

Венчурлық капитал дегеніміз не?

Автор:admin

Июн 8, 2024

Қазіргі нарық заманында ел экономикасын дамыту үшін шикізатқа тәуелділіктен арылып, табиғи ресурстарды өңдеу, бәсекеге қабілетті және жоғары технологияландырылған өнімдерді өндіру, инфрақұрылымның дамуын инновация тұрғысынан дамыту бағыттарын қарастыру керек. Бұл бағытта Түркістан облысы оқ бойы озық тұрған аймақтардың бірі.  Инновациялық дамудың негізгі құралдарының бірі – венчурлық капитал екенін еске алсақ, онда өңірге салынып жатқан инвестициялардың саны жылдан-жылға артып келеді. Ол инновациялық жобалар секторындағы қаржылық жетіспеушілік мәселесін шешеді. Жалпы елімізде жаңа ғылыми-техникалық зерттемелерге мақсатталған біртұтас венчурлық қаржыландыру жүйесінің реттелмеуі бұл нарықтың толыққанды жұмыс істеуіне кедергі туғызып отыр. Осы жағдайларды ескере отырып, берілген мақалада венчурлық қаржыландырудың ерекшелігі қарастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы инновациялық жобаларды венчурлық қаржыландыру тәжірибесі бойынша мәліметтер көрсетілді және Қазақстан Республикасындағы инновациялық жобаларды венчурлық қаржыландырудың мәселелері анықталып, оны шешу жолдары ұсынылды. Қазіргі жаңа технологиялар заманында инновациялық жобалар экономикалық өсімнің негізгі факторлары ретінде қарастырылады, дегенмен, бұл жобалар қажетті қаржыландыру мәселесі бойынша қиындыққа ұшырайды. Инновациялық қызметпен әдетте инновацияны өз қаражаты есебінен қаржыландыра алмайтын және банктік несиеге қолжетімділігі төмен орта және шағын бизнес өкілдері айналысады. Шетел тәжірибесіне сәйкес, бұл жобаларды акционерлік капиталды қаржыландыру арқылы жүзеге асыру тиімді болып отыр. Мұндай қаржыландырудың көздері венчурлық капитал қорлары мен бизнес-періштелер болып табылады. Инновациялық жобаларды қаржыландырудың маңызды көздерінің бірі болып саналатын венчурлық капитал – тәуекелді капитал деген мағынаны білдіреді. Венчурлық капитал – бұл жоғары табысты күтуде тәуекелге ие, жаңа дамып келе жатқан немесе нарықтағы орын үшін күресетін кәсіпорындар мен фирмаларды қаржыландыруға арналған инвестордың капиталы. Бизнес-періштелер – жоғары технологиялық, жас кәсіпорындарға тікелей қаржыландыру жасайтын ауқатты адамдар. Олар әзірге болашағы белгісіз, «стартап» кезеңіндегі жобаларды жүзеге асырады. Бизнес және кәсіпкерліктегі «бизнес-періштелердің» тәжірибесі жас кәсіпорындардың дамуының бастапқы кезеңінде маңызды рөл атқарады. Инвесторлардың қызығушылығын оятатын инновациялық жобалардың таңдалуының негізгі критерийлері ретінде жобаның ерекшелігі мен жаңалығы, өнімнің сыртқы және ішкі нарықта сұранысқа ие болуы, интеллектуалды меншікті қорғау құқығының қарастырылуы, өндірісті бастау және жобадан шығу, яғни, компанияның өзіне тиесілі акциясын сату арқылы жобадан кету мүмкіндігі есептеледі. Венчурлық қаржыландыру дәстүрлі қаржыландырудан әлдеқайда өзгеше. Оның негізгі белгілері: – Қысқа уақытта даму мүмкіндігі бар жаңа немесе қызмет етуші фирмалар инвестицияланады. – Көптеген инновациялық жобалар 3-5 жылдан кейін табыс әкеле бастайды, сол себепті венчурлық қаржыландыру ұзақ мерзімге есептелген.

 

Jsk ақпараттық агенттігі

Автор: admin